Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Қанатбек Сафинов сарапшылармен бірге медиаторларды заңнамалық қолдауды қамтамасыз ету мәселесін талқылады

05.05.2021 576

Сенатор Қанатбек Сафинов дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту келешегін медиаторлардың 1000-нан астам мүшесі бар кәсіби қоғамдастығының өкілдерімен бірге талқылады.

Медиаторларға арналған заңнамалық қолдауды қамтамасыз етудің алдағы келешегін айқындау онлайн-кездесудің басты мәселесі болды. Сенатор еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында дауларды шешудің балама тәсілдерін дамыту міндетін алға қойғанын атап өтті.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс те осы саладағы ахуалды жақсартуға бағытталған. Қанатбек Сафинов әкімшілік және басқа да жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың ерекшелігін ескере отырып, қазір "Медиация туралы" заңға жария-құқықтық қатынастар саласында медиацияны жүргізуге қатысты жеке тарау енгізу мәселесі пысықталып жатқанын атап өтті.

"Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар кезінде әкімшілік дау тараптарының бірі ретінде әкімшілік орган әрекеттерінің заңдылығына ерекше бақылау қажет болғандықтан, мұндай даулар бойынша медиацияны тек судья ғана жүргізе алатынын белгілеу ұсынылып отыр", - деді Қанатбек Сафинов.

Сонымен қатар, кездесу барысында халықтың осал топтары үшін медиация рәсімдерінде Мемлекет кепілдік берген көмек алу қағидаларын әзірлеу қажеттігі туралы мәселе көтерілді.

Сенатор келіп түскен барлық ұсыныстар заң шығару жұмысында ескерілетінін атап өтті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу