Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар тұрғын үй құрылысына және аулаларды абаттандыру жұмыстарына бақылау жүргізді

11.05.2021 470

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті мүлік иелері бірлестіктерінің төрағаларымен кездесіп, аулаларды абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарына назар аударды. Аталған бірлестіктердің кейбірі жуырда ғана құрылған. Соған қарамастан, үйді басқару, жөндеу және инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізген.

«Мүлік иелерінің бірлестіктерін құру реформасы оң нәтиже беріп отыр. Бұл бастама елордамызда өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бюджетке де салық төлей бастады. Яғни, жұмыс тек бірлестіктерді тіркеумен шектелмей, жүйелі жолға қойылған. Жұмыстың бәрі жергілікті атқарушы органдардың белсенді қатысуымен жүргізілуде. Арнайы жұмыс топтары құрылған. Белсенді тұрғындар түрлі бастамаларға ерікті түрде қатысып, мемлекеттің қаражатынсыз-ақ көп шаруа тыңдыруда», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Ал, сенаторлар Динар Нөкетаева, Бақытжан Жұмағұлов, Ләззат Сүлеймен, Нұртөре Жүсіп және Сұлтанбек Мәкежанов Алматы облысының Қапшағай қаласына барып, өңірдің экономикалық даму деңгейімен танысты.

Нақты айтқанда, депутаттар жалға берілетін 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізді. Бұл нысанның құрылысы биылғы мамырдың соңында аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар сенаторлар аулаларды абаттандыру жұмыстарына назар аударды. Қала басшылығының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қапшағайдағы 125 ауланың 65 пайызы жаңғыртылған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 100 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

«Қапшағай қаласының әлеуметтік-экономикалық өсу қарқыны көңіл қуантады. Өңірде тек туризм саласын ғана емес, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығын дамытуға да зор мүмкіндік бар», – деді сенатор Динар Нөкетаева.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу