Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар қылмыстық процеске үш буынды үлгіні енгізуді талқылады

10.06.2021 640

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Бас прокуратура басшылығымен өткізген кездесуде қылмыстық процестің үш буынды үлгісі жағдайындағы қылмыстық қудалау органдары мен прокурорлардың жұмысы мәселелерін талқылады.

Сенат комитетінің төрағасы Владимир Волков Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қылмыстық саланы ЭЫДҰ дамыған елдерінің үлгісі бойынша жаңғырту қажеттігімен бірге қылмыстық істі тергеуде өкілеттіктерді нақты бөлу және үш буынды үлгіні енгізу туралы айтқанын еске салды.

«Қылмыстық процесте қалыптасқан үлгіден ауытқу қажет. Президент осыған дейін Қазақстанға азаматтардың құқықтарын уақтылы қорғауды қамтамасыз ететін және халықаралық жоғары стандарттарға жауап беретін үлгі қажет екенін атап өткен болатын», - деді Владимир Волков.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев өз кезегінде үш буынды үлгіні одан әрі енгізу тәсілдері құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссияда тұжырымдамалық түрде мақұлданғанын хабарлады. Ол сондай-ақ тиісті заң жобасы Парламентке ағымдағы жылдың қазан айында түсетінін жеткізді.

Кездесу барысында депутаттарға қылмыстық процестің үш буынды үлгісіне көшу аясында жүзеге асқан "Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі" жүйесінде тергеушінің негізгі шешімдерін прокурормен келісу тәртібі көрсетілді.

Сенаторлардың назарына "Әкімшілік істердің бірыңғай тізілімі", "Қылмыстық құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының карталары" сияқты цифрлық жобалар ұсынылды.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген Н.Байбулин)

Бөлісу