Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатор Ақылбек Күрішбаев астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығына барды

10.08.2021 495

Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев Ақмола облысы Шортанды ауданында орналасқан А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығына барды. Сенатор орталықтың жұмысындағы оң өзгерістерді ерекше атап өтіп, елімізде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін ғылым мен өндірісті интеграциялаудың маңызы зор екеніне назар аударды.

«Бұл – әлемнің жетекші университеттерінде қолданылатын «зертхана-аудитория-өндіріс» үшеуін бірыңғай жүйеге интеграциялау арқылы ғылымды дамытудың және кадр даярлаудың заманауи моделі. Осындай синергияның арқасында студенттер заманға сай білім алады. Ал ғылым талантты жас кадрлармен тұрақты түрде қамтамасыз етіліп отырады», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Сонымен қатар депутат өткен жылдың аяғында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Шортандыда ғылыми қалашықтың әлеуметтік дамуын жақсартуға қатысты көшпелі отырыс өткізгенін атап өтті. Ақылбек Күрішбаев сол кезде көтерілген мәселелердің бір бөлігі бүгінде оң шешімін тапқанын да айтты. Атап айтқанда, ауылда жолдар күрделі жөндеуден өткізілді. Ғылыми қалашықта жарықтандыру жүргізілді және аудан әкімінің айтуынша, жақын арада ауыз сумен жабдықтау жүйесі жақсартылады. Ал 2 жылдан кейін ауыл толығымен газдандырылады.

Сенат депутаты АӨК саласын әрі қарай өркендету үшін осы бағыттағы көшбасшы елдердің жетекші ғалым-шаруаларының қатысуымен заманауи зерттеу орталығын құру қажеттігін де тілге тиек етті. Оның құрамына Молекулярлық биология әдістерін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттары мен будандарын жасау жөніндегі зертханалар, биотехнологиялар негізінде жануарлардың генетикалық қасиеттерін жақсарту жөніндегі қойма, агротехнологиялар жөніндегі қазіргі заманғы зерттеу базасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтау жөніндегі зертханалар және басқалар енгізілуі керек. Онда жетекші шетелдік және отандық ғалымдар жұмыс істеуге тиіс. Жас ғылыми кадрлар мен студенттердің тұрақты түрде тәжірибеден өтіп тұруына да жағдай жасалу қажет. Осылайша, Орталық өңірлік аграрлық ҒЗИ мен тәжірибелік шаруашылықтардың жұмысын жетілдіре түсуге мүмкіндік алады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу