Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта Каспий теңізінің ортасын қорғау жөніндегі заң жобалары талқыланды

13.10.2021 553

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын талқылады.

Бірінші хаттаманың ратификациясы биологиялық әртүрлілікті сақтауға қатысты. Оны қабылдау осы салада тиісті шараларды қамтамасыз ету үшін ұлттық заңнаманы жетілдіруге және биологиялық ресурстарды орнықты пайдалануды қамтамасыз етуге, сондай-ақ теңіз ортасын қорғаудың жедел және тиімді шараларын іске асыру жөніндегі мемлекеттердің көпжақты ынтымақтастығына жәрдемдесуге мүмкіндік береді.

«Хаттаманы ратификациялау - Каспий теңізінің бірегей теңіз ортасы мен биологиялық әртүрлілігін, сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген және эндемикалық флора мен фаунаны сақтауға бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасы Каспий маңы мемлекеттерінің көпжақты ынтымақтастығы аясында теңіз экожүйелерін қорғау жөніндегі жедел және тиімді шараларды іске асыруға ықпал етері сөзсіз», - деді отырыс кезінде сенатор Дүйсенғазы Мусин.

Екінші құжат құрлықта жүзеге асатын қызметтерді реттейді, осылайша ластану процесін бақылауға және азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар хаттаманы ратификациялау ең озық қолжетімді технологиялар мен табиғат қорғау тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік береді. Сенаторлар заң жобасында Каспий теңізінің ортасы мен жағалау маңындағы аудандардың физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары туралы деректер базасын жасау және жұмысын жолға қою қаралғанын атап өтті. Заң жобасы Каспийдің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйін тұрақты бағалауды, сондай-ақ оның жағалау сызығы бойындағы теңіздің ластану деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е. Н.Байбулин)

Бөлісу