Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенаторлар жайылымдарды пайдалану туралы заң жобасын талқылады

29.12.2021 441

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеу барысы күн тәртібіндегі негізгі мәселе болды. Парламент Сенаты депутаттарының бастамасымен әзірленген бұл заң жобасы жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталып отыр.

Сенаторлардың өңірлерге барған көптеген сапарлары мен халықпен кездесулері барысында бірқатар елді мекендерде ауыл тұрғындарына жайылымдық жерлердің жетіспейтіні, қолда бар жерлердің тозуы және пайдаланылатын аумақта мал басын көбейтудің шектелуі мәселелері бірнеше рет көтерілді. Сенаторлардың бастамасымен жасалған өзгерістер – осы мәселелерді де реттеуге бағытталған.

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінде де өзекті мәселе мойындалып отыр. Мекеменің статистикасы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталатын 6,2 млн. ауыл шаруашылығы малының басын шартты түрде жаю үшін 50 млн. га жайылым қажет, яғни есептеулер бойынша жайылымдардың жетіспеушілігі 29 млн. га құрайды.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ Орта Азия елдеріндегі жайылымдарды басқару және пайдалану мәселелері бойынша тәжірибесін қолданудың келешегін талқылады. Мысалы, заң жобасында жайылымдарды басқарудың институционалдық негіздерін қайта қарау, атап айтқанда, аудандардағы жергілікті атқарушы органдарынан жайылымдарды пайдалану мәселелерін шешу жөніндегі құзыретті ауылдардың, ауылдық округтердің және аудандық маңызы бар қалалардың жергілікті өзін-өзі басқару органдарына беру көзделіп отыр.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу