Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: Халық бізден нақты нәтиже күтіп отыр

13.01.2022 466

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы соңғы күндері елімізде болған қайғылы оқиғаға тоқталып, қаза тапқан құқық қорғау қызметкерлерінің және бейбіт тұрғындардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының уақтылы әрі жедел қабылдаған шешімдерінің арқасында қысқа мерзімде еліміздегі жағдай тұрақталып, мемлекетіміздің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін айтты.

«Жаңа жыл еліміз үшін үлкен сын сағатымен басталды. Біз тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең қатерлі кезеңмен бетпе-бет келдік. Шын мәнінде, мемлекеттілігімізге қауіп төнді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған нақты шешімдерінің арқасында қылмыстық әрекеттерге тегеурінді тойтарыс берілді. Осы жолда біздің тәртіп сақшылары мен әскерилеріміздің жанкешті іс-әрекеттерін ерекше атап өткен жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері жыл басында болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп бергенін айтты. Ол Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселеге тоқталғанын да атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанына назар аударды. Ол осы жолда Парламент Сенаты ел Президентінің барлық бастамасын қолдай отырып, оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстарды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыруға тиіс екенін жеткізді.

«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Қазір халық бізден нақты жұмыс пен нәтиже күтіп отыр. Сондықтан елдің сенімі мен үмітін ақтау үшін аянбай еңбек етейік. Осы жолда бәріміз белсенділік танытып, Президентіміз айтқандай, жаңа Қазақстанды бірге құрайық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында сенаторлар басқа қызметке ауысуына байланысты Қанат Сергейұлы Мусинді Жоғарғы Сот судьясы қызметінен босату туралы Президенттің ұсынымын қарады.

Одан бөлек, депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады.

Бұл құжат Қазақстан мен АҚШ-тың әрбір авиакәсіпорнына біздің елдеріміз арасында кез келген бір немесе екі бағытта рейстерді жүзеге асыруға, бір әуе кемесінің ұшуы шеңберінде рейстердің әртүрлі нөмірлерін біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдер арасындағы әуе қатынасын жеңілдетуге бағытталған басқа да шаралар қарастырылған. Бұдан басқа, мұндай әуе кемелерін кедендік баждар мен алымдардан босату көзделеді.

«Бүгін қаралған Келісім Америка Құрама Штаттарымен тікелей әуе қатынасын ашуға бағытталған. Бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды арттыруға, мемлекетіміздегі халықаралық авиарейстер санын көбейтуге мүмкіндік береді», – деді заң жөнінде пікірін білдірген Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысы кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Ольга Булавкина Премьер-министрдің атына жолдаған сауалында қаңтардағы қайғылы оқиғаларға тоқталып, еліміздің шекаралық аймақтарын дамытуға арналған бірқатар нақты ұсынысын жеткізді. Депутаттың пікірінше, бұл аумақтық тұтастықты нығайту, еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру, сондай-ақ осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын ұтымды пайдалану үшін маңызды.

Өз кезегінде сенатор Нариман Төреғалиев Мемлекет басшысы 11 қаңтарда белгілеп берген міндеттердің айтарлықтай бөлігі аймақтардағы нақты мәселелерді шешуге арналғанын айтты. Ол бірнеше жылдан бері Батыс Қазақстан облысында апатты тұрғын үй иелерінің проблемалары шешілмей келе жатқанына назар аударды. Депутат олардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңды өзгертуді ұсынды. Оның ұсынысы бойынша коммуналдық жалға берілетін тұрғын үйде тұрудың белгілі бір мерзімінен кейін тұрған адамдарға пәтерлерді қалдық құны бойынша жекешелендіріп немесе сатып алуға мүмкіндік берген жөн.

Сонымен қатар бүгінгі отырыста депутаттар сенатор Сұлтанбек Мәкежановты өз өтінішіне байланысты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі етіп сайлады. Бұған дейін ол Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болған еді.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу