Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта отандық ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамытудың өзекті мәселелері талқыланды

05.04.2022 566

Бүгін Сенатта «Ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісін дамыту: жағдайы, мәселелері және болашағы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Оған Парламент Сенатының депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылығы және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев дөңгелек үстел отырысына төрағалық етті.

«Машина-трактор паркінің ескіруі және жаңарту қарқынының төмендігі негізгі мәселе болып отыр. Сонымен қатар бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы техникасы бағасының (шамамен 25-30 пайызға) өскені де байқалып отыр. Бұл болашақта техниканы жаңарту қарқынының төмендеуіне әкеледі. Сондықтан қазіргі уақытта лизингке берілетін және тікелей сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдікпен несие беруді қаржыландыру құралдарын одан әрі дамыту қажеттігі өзекті болып қалып отыр», - деп атап өтті Әли Бектаев.

Отырыс барысында Президент Жолдауында да саладағы проблемалар айтылғаны аталып өтілді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын технологиялардың 90%-ға жуығы ескіргенін және жаңғыртуды қажет ететінін атап өтті. Президент сондай-ақ саланы субсидиялау саясатын қайта қарауды тапсырған болатын.

Сенатор Мухтар Жұмағазиев өз баяндамасында бірқатар проблемаларды атап өтті. Депутат ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жағдайына алаңдаушылық білдірді.

«Республика бойынша 2022 жылғы 1 қаңтарда ауыл шаруашылығы техникасын жаңартудың орташа деңгейі 4,3%-ды құрады, ал бекітілген норматив бойынша жыл сайын 6%-ға жаңартылуы тиіс», - деп атап өтті сенатор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев пен ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осы проблемаларды шешу жөніндегі өз пікірлерімен бөлісті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Е.Үкібаев)

Бөлісу