Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Талдау мектебінің екінші кезеңіне қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды

30.11.2022 767

«Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының екінші кезеңіне қатысу үшін конкурс жарияланды.

Мектептің екінші кезеңі Қазақстанның өңірлік дамуының проблемалары мен перспективалары тақырыбына арналады. Еліміздің өңірлік дамуының түрлі басымдықтары бойынша жобаға қатысушылар дайындаған зерттеулер Парламент Сенатының алдағы жұмысында ескеріледі.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін оны әрі қарай жалғастыру және кеңейту жөнінде ұйымдастырушыларға көптеген өтініштер келіп түскенін атап өтті. Соған байланысты Мектеп жұмысының екінші кезеңін бастау туралы шешім қабылданды. Өтініштерді қабылдау 1 желтоқсаннан басталады. Ал, оқыту Астана қаласында 2023 жылдың 21 қаңтарынан бастап жүргізіледі.

«Екінші Талдау мектебінің бағдарламасын әзірлеу барысында алғашқы кезеңдегі қатысушылар мен сарапшылардың пікірлері ескерілді. Бұл жолы Мектеп аясында Қазақстанның өңірлік дамуының проблемалары мен перспективалары тақырыбына басымдық беріледі. Қатысушылар әзірлеген еліміздің өңірлік дамуына қатысты зерттеулер мен бастамалар Сенаттың алдағы жұмыстарына өз септігін тигізеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ жоба аясында қолданбалы тәсілдерді және талдау әдістерін меңгеруге көңіл бөлінеді. Дәрістер үш тілде, яғни мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Командалар өз зерттеулерін қазақ және орыс тілдерінде әзірлей алады. Әр командаға қазақстандық тәжірибелі талдаушылардың бірі жетекші ретінде бекітіледі», – деді Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желідегі жазбасында.

Қатысушыларды іріктеу кезінде талдау құрылымдарында, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, ғылыми институттарда және БАҚ-та жұмыс істеген үміткерлер басымдыққа ие болады.

Өтініштерді қабылдау 1-25 желтоқсан аралығында жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, «Талдау мектебі – Школа аналитики» жобасының алғашқы кезеңі Парламент Сенатының қолдауымен биылғы ақпан-сәуір айларында іске асырылды және сарапшылар мен жастар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.

Сол кезде Мектеп жұмысына қатысу үшін 260-тан астам өтініш келіп түскен еді. Бұл жас талдаушылардың, мемлекеттік қызметшілердің және зерттеушілердің кәсіби тұрғыда өсуге және өз жұмыстарындағы талдау тәсілін одан әрі күшейтуге деген ынта-жігерін білдіреді.

 *  *  *

Екінші кезеңнің іріктеуіне қатысу үшін tulindinova@parlam.kz және mailybay@parlam.kz электронды пошталарына резюме, ынталандыру хатын және бұрын дайындаған талдау материалдарын жіберу қажет.

Жобаға қатысу туралы толық мәліметті Парламент Сенатының сайтынан, Палатаның, Талдау мектебінің және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының әлеуметтік желілердегі парақшаларынан алуға болады.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27)

Бөлісу