Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев: «Мәслихаттарды заң жобаларын әзірлеуге жұмылдырудың маңызы зор»

09.01.2023 308

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Бюро отырысы өтті. Онда депутаттар 2023 жылғы 12 қаңтарда өтетін Палатаның кезекті отырысының күн тәртібін бекітті.

Сенат Төрағасы биыл Парламент жаңа жағдайда және жаңа талаптар мен міндеттерді ескере отырып жұмыс істейтініне тоқталды. Сондай-ақ Сенат өңірлердің мүддесін білдіретін институт болуға тиіс екенін атап өтті. Соған байланысты Палата Спикері депутаттарға Сенат іс-шаралары барысында азаматтарды толғандыратын мәселелерді белсенді көтеруді тапсырды.

Сенаторлар алдағы отырыста Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарды Жоғарғы Сот судьялары қызметінен босату мәселесін қарайды. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күші жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңның жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының мүшелерін және Сенаттан қосымша баяндамашы сайлауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңды қарайды. Оның ережелері елдер арасындағы ынтымақтастықты оңайлату үшін бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тануды көздейді. Бұл ретте бұйымдар осы келісімнің талаптары мен импорттаушы тараптағы мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес келуге тиіс.

Палатаның алдағы отырысының күн тәртібіндегі тағы бір мәселе «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң болып отыр. Құжат апатқа ұшыраған ұшақтардың жолаушылары мен экипаждарын іздеу мен құтқаруда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуге бағытталған.

Сондай-ақ Бюро мүшелері Мәжілістен келіп түскен заңдарды Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөліп берді.

Мәулен Әшімбаев отырыста Бюро мүшелеріне Сенат Аппаратының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке Споткай Максим Александрович тағайындалды.

Ал бұған дейін Аппарат басшысы болып келген Әлия Рақышева өз өтініші бойынша қызметінен босатылды. Сенат Төрағасы бүкіл депутаттық корпустың және өз атынан Әлия Рақышеваға Парламенттің заңнамалық жұмысын жетілдіруге қосқан зор үлесі үшін алғыс айтып, Сенаттың Құрмет грамотасын табыс етті.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Н.Байбулин)

Бөлісу