Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Жаңалықтар

Сенатта 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер туралы заң жобасы таныстырылды

02.03.2023 284

Сенатта «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болды.

Кездесуді ашқан қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бұл заң жобасы бюджет заңнамасын жетілдіруге және еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Заң жобасы биылғы ақпан айында 2023-2027 жылдарға арналған бюджет көрсеткіштерін нақтылауға байланысты әзірленген болатын. Ол сонымен қатар өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, газ және жылумен жабдықтау құбырларын жаңғыртуға, еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға, экономиканың нақты секторын және басқа да салаларды өркендетуге бағытталып отыр.

Сенаторларға шағын және орта бизнесті дамытуға қосымша 152 млрд. теңге, ал еліміздің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 94,7 млрд. теңге бөлінетіні туралы айтылды.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, ол азаматтардың әл-ауқатын арттыруды, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуды және азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етуді көздейді. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыруға, Әлеуметтік кодекс аясындағы шараларды іске асыруға және т. б. салаларға бағытталатын 234,4 млрд. теңге мөлшерінде қосымша қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Парламент депутаттары таныстырылым барысында бюджеттік заңнамаға өзгерістер мен толықтырулардың кейбір тармақтары бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстар айтты.

(Сенаттың Баспасөз қызметі, 74-72-27. Суретті түсірген: Б.Серікбай)

 

Бөлісу