Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Кеңес ережесі

Қазақстан Республикасы

Парламенті Сенаты Бюросының

2019 жылғы 24 желтоқсандағы

№ 370 қаулысымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы

Жастар Кеңесі туралы

ЕРЕЖЕ

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы Жастар Кеңесінің мәртебесін, өкілеттіктерін және оның қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

1. Жастар Кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және жастар саясаты саласында заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында құрылады.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже Кеңес қызметінің құқықтық негізін құрайды. 

3. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

4. Кеңестің негізгі міндеті Қазақстан Республикасының жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

5. Кеңестің функциялары:

1) жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын мәселелерді заңнамалық реттеудің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

2) жастар саясатын дамытудың негізгі бағыттары бойынша, соның ішінде Парламенттік тыңдауларды дайындау кезінде ұсынымдар әзірлеу;

3) жастарды әлеуметтік, құқықтық, білім беру, мәдени, адамгершілік, отансүйгіштік, физикалық және өзге де дамыту салаларында Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу және қарау;

4) шет мемлекеттердің жастар саясаты саласындағы тәжірибесін зерделеу және қорыту;

5) жастар саясаты мәселелері бойынша Парламент Сенатының кездесулерін, дөңгелек үстелдерін, конференцияларын және өзге іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысу және қажет болған кезде оларға қазақстандық, халықаралық және шетелдік жастар ұйымдары өкілдерінің, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуын қамтамасыз ету;

6) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жастар саясаты саласындағы заң шығару мәселелері бойынша жастар ұйымдарымен өзара байланыс жасауына жәрдемдесу;

7) жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде Парламент Сенатына келіп түскен ұсыныстар бойынша ұстанымдарды қарау және әзірлеу;

3. Кеңес құрамы

6. Кеңес құрамы Қазақстан Республикасы Парламентінің, мәслихаттардың депутаттары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары, үкіметтік емес жастар ұйымдарының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өзге адамдар қатарынан құрылады.

7. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы бекітеді.

Кеңес құрамы бекітілген сәттен бастап әр екі жылда ауысуы мүмкін.

8. Кеңесті Төраға – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы не оның тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасының орынбасары басқарады. Кеңес құрамынан Төрағаның орынбасары және Кеңес хатшысы сайланады.

9. Кеңес Төрағасы:

1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

2) Кеңес құрамы бойынша ұсыныстар енгізеді;

3) Кеңес Төрағасының орынбасары мен хатшысының кандидатуралары бойынша ұсыныстар енгізеді;

4) Кеңес отырыстарын өткізу күнін, орнын және уақытын белгілейді;

5) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;

6) Кеңес Төрағасының орынбасарына, хатшысына және Кеңес мүшелеріне тапсырма береді;

7) Кеңес қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелерін шешеді.

10. Кеңес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өз функциялары шегінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, халықаралық және шетелдік жастар ұйымдарының өкілдерін, ғалымдарды, сарапшыларды және азаматтарды Қазақстан Республикасының жастар саясаты саласындағы заңнамасын жетілдіру жөніндегі мәселелерді талқылауға тартуға құқылы.

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

11. Кеңес отырыстары Төраға айқындаған мерзімде, қажеттілігіне қарай және жылына кемінде бір рет өткізіледі.

12. Кеңес отырысы оның мүшелерінің үштен екі бөлігі болған кезде заңды болады. Кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін өзге адамдарға беруіне жол берілмейді.

13. Кеңес жұмысы оның отырыстарында бекітілетін жылдық жоспар негізінде жүзеге асырылады.

14. Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен немесе Кеңес мүшелеріне жазбаша сұрау салу арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің дауысы шешуші дауыс болып табылады.

15. Кеңес шешімдері Кеңес Төрағасы не оны алмастыратын адам қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

16. Кеңес Төрағасы болмаған кезде оның функцияларын (оның тапсырмасы бойынша) Сенат Төрағасының орынбасары орындайды.

17. Кеңес мүшелерінің:

1) Кеңес өткізетін барлық іс-шараларға қатысуға;

2) Кеңестің жұмыс жоспары және оның отырыстарының күн тәртібі бойынша, сондай-ақ Кеңес құзыреті шеңберінде талқыланатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге;

3) Кеңес отырыстарына және Кеңес ұйымдастыратын өзге де іс-шараларға шешімдер мен материалдардың жобаларын дайындауға қатысуға;

4) Кеңес жұмысына қатысты материалдармен танысуға құқығы бар.

18. Кеңес хатшысы:

1) Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

2) оның отырыстарының күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

4) Кеңес мүшелерін Кеңестің кезекті отырысының өтетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

5) Кеңес отырыстарының хаттамаларынан үзінді көшірмелерге өзінің қолын қойып, куәландырады;

6) Кеңес Төрағасының өзге де тапсырмаларын орындайды.

5. Кеңес қызметін қамтамасыз ету

19. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты Кеңестің жұмыс органы болып табылады.