«Талдау мектебінің»
V кезеңіне конкурстық іріктеу
Ережесі
1. Жалпы ережелер
1.1. Осы Ереже конкурсты өткізудің мақсаттарын, міндеттерін, тәртібін, кандидаттарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ «Талдау мектебінің» V кезеңіне қатысуға өтінімдер беру қағидаларын айқындайды.
1.2. «Талдау мектебі» – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен іске асырылатын қоғамдық жоба.
Жоба мемлекеттік басқаруда, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдарда, БАҚ және азаматтық сектор қызметіндегі сарапшылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға, сыни ойлау мен стратегиялық талдау дағдыларын дамытуға бағытталған.
1.3. Алдағы V легтің тақырыбы: «SMART GOVERNANCE: тиімді басқаруға арналған деректер, талдау және жасанды интеллект».
Курс аясында қатысушылар деректерді жинау мен талдаудың қолданбалы әдістерін меңгереді. Әр бағыт бойынша қатысушылар арасынан тәжірибелі менторлар жетекшілік ететін командалар құрылады. Оқу қорытындысы бойынша командалар талдамалық материалдар әзірлейді. Әзірленген материалдар Сенаттың, Орнықты даму саласындағы мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның жұмысында пайдаланылады, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдарға беріледі. Сонымен қатар, қатысушылар жүргізіп жатқан талдау жұмысының аралық нәтижелерін әлеуметтік желілерде апта сайын жариялап отырады.
Мектеп аясында белгілі мемлекет қайраткерлері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар дәріс оқиды, тәжірибесімен бөліседі.
1.4. Курс 2026 жылғы 17 қаңтар мен 7 наурыз аралығында (8 апта) сенбі күндері офлайн форматта өтеді.
1.5. Жұмыс тілі: қазақ, орыс және ағылшын тілдері.
2. Үміткерлерге қойылатын талаптар:
- Жоғары білім;
- Мемлекеттік қызмет, талдау және зерттеу құрылымдары, ұлттық компаниялар, журналистика және азаматтық сектор саласында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі;
- 8 апталық курс (сенбі күндері) сабақтарына жеке қатысу.
- Аталған бағыттардың бірі бойынша құзыреттіліктің болуы:
1. Урбанистика, болашақ қалалар және өңірлік даму.
2. Энергетика және тұрақты инфрақұрылым.
3. Экология және климаттық саясат.
4. Білім беру және адами капитал.
5. Агроөнеркәсіп және тұрақты ауылдық даму.
6. Инклюзивтілік және әлеуметтік саясат.
7. Проактивті мемлекеттік басқару.
3. Конкурс өткізу тәртібі
3.1. Байқау екі кезеңнен тұрады:
Бірінші кезең – өтінімдерді қабылдау (21.11.2025 – 18.12.2025) және берілген құжаттар негізінде алдын ала іріктеу (19.12.2025 – 24.12.2025).
Екінші кезең – финалистермен әңгімелесу және олардың мотивациясы мен «Талдау мектебінде» оқуға дайындығын бағалау (25.12.2025 – 29.12.2025).
3.2. Конкурсқа қатысу үшін taldaucommunity@gmail.com электрондық поштасына (көшірмеге mailybay@parlam.kz, sadvakassova@parlam.kz пошталарын қоса көрсету қажет) келесі мәліметтерді жолдау керек: ТАӘ, туған күні, қазіргі жұмыс орны мен лауазымы, телефон нөмірі. Сондай-ақ төменде көрсетілген құжаттарды қоса тіркеу қажет:
1. Резюме;
2. Талдау мектебіне қатысуға деген қызығушылықты және болашақ кәсіби мақсаттарды сипаттайтын мотивациялық хат (көлемі — 500 сөзге дейін). Хатта өтініш беруші өзінің құзыретіне сәйкес келетін жеті бағыттың бірін көрсетуге («Үміткерлерге қойылатын талаптар» бөлімін қараңыз), талдамалық материалмен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізуге міндетті.
3. Басшының/тәлімгердің/әріптестің немесе үміткердің аналитикалық қабілетін бағалай алатын басқа адамның ұсыныс хаты (кері байланыс үшін байланыс ақпаратын көрсете отырып).
4. Бұрын жарияланған аналитикалық материалдарға, сұхбаттарға, сөйлеген сөздерге сілтемелер (бар болған жағдайда).
3.3. Сұхбат барысында финалистер келесі критерийлер бойынша бағаланады:
- Мотивация және білім алу қабілеті;
- Талдау және зерттеу қызметіндегі құзыреттер;
- Өз ойларын және идеяларын жеткізе білу.
4. Конкурсты өткізу мерзімдері
4.1. V кезеңге өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 21 қарашадан 18 желтоқсан 23:59-ға дейін жүзеге асырылады. Кеш келіп түскен өтінімдер қаралмайды.
5. Қорытынды
5.1. Конкурс қорытындысы ҚР Парламенті Сенатының ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында 2025 жылғы 30 желтоқсаннан кешіктірілмей жарияланады. Қатысушылар саны – 60.
6. Қорытынды ережелер
6.1. Осы Ережені конкурсты ұйымдастырушы өзгертуі және толықтыруы мүмкін, ол туралы қатысушыларға ресми байланыс арналары (электрондық пошта) арқылы алдын ала хабарланатын болады.
6.2. Конкурсқа қатысу осы Ережеде баяндалған шарттармен келісу дегенді білдіреді.
6.3. Толығырақ ақпарат алу үшін 8 (7172) 74-71-88 және 8 (7172) 74-72-40 нөмірлеріне хабарласуға болады. Ақпарат ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ Сенат жанындағы «Талдау мектебі» мен Сарапшылар клубының Facebook және Instagram парақшаларында қолжетімді.