Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Казталов ауданына жұмыс сапарымен болды

03.01.2024 170

Сенаторлар Жалпақтал ауылындағы «Сартаев» жеке кәсіпкерлігінің иелігіндегі «Universal» кешеніне соғып, кәсіпкердің жұмысымен танысты. Әлібек Сартаев жетекшілік жасайтын кешенде құрылыс материалдар дүкені, автобөлшектер дүкені, балық дүкені және автокөлік жуу, жөндеу, дөңгелек құрастыру бокстары бар. Негізінен балық шаруашылығымен айналысатын Әлібек Сартаев балықты облыс орталығынан басқа Ресейге де шығарып отыр.

Жалпақтал ауылында болған Сенат депутаттарымен аудандық мәслихат депутаттары кездесіп, қоғамға ортақ Жалпақталға аудан статусын қайта беру, Қараөзен өзені бойындағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамту жобасы, Жалпақтал су қоймасын салу секілді мәселелерді айтып, шешуге көмек сұрады.

 «Батыс Қазақстан облысында 10107 заңды тұлға тіркелген, оның 9775 шағын кәсіпорындар. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев ашық және өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономиканы құру басты басымдық екенін атап өткен. Елде нарықтарды белсенді игеретін табысты орта кәсіпорындар көп емес. Стационарлық сауда объектілері өткізетін тауардың жалпы ассортиментінен қазақстандық өндірушілердің өнімін толтырудың міндетті үлесі 50-% деңгейде белгілеу бойынша талап енгізуді Парламент депутаттары Үкіметке ұсыным ретінде жолдаған болатын. Жалпы қазақстандық тауарларды сату көлемін ұлғайту бойынша жұмысты заңнамалық қолдау депутаттардың назарында болады.

Сонымен қатар бюджет туралы заңды қарастырған уақытта, ауданда айтылған мәселелер көтеріледі.», - деп атап өтті сенатор А. Өтеғұлов.

Мұнан кейін сенаторлар төрт аудан аумағында ашылған «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының Казталов ауылында орналасқан бас офисіне барды.

Былтырғы жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде Казталов, Жәнібек, Бөкей орда, Жаңақала аудандары территориясында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» республикалық маңызы бар мемлекеттік табиғи қаумалы құрылған болатын. Облыс бойынша резерват пен қаумалдың жалпы ауматы - 781 925 гектар. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және оларды өсіруге бағытталған мекемеде 80 қызметкер штаттық негізде және 20 қызметкер штаттан тыс жұмыс жасайды. Мекеменің базасы жасақталу үстінде. Қазіргі күнде дала жұмыстарына қажетті техникалар алынуда.

Резерватта болған сенаторлар Орал популяциясына кіретін киіктердің ареалына қатысты сұрақтарын қойды. Сұрақтарға жауап берген резерват директорының орынбасары Аслан Сәрсенбиев, сонымен қатар, мекемеде шешімін таппай отырған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, далада өлген киік өлекселерін жинап, өртейтін арнайы орын мен техниканың жоқтығы, резерват теңгеріміндегі техникалар қоятын орын қажеттілігі туралы мәселе көтерді.

Сенаторлар кездесуді қорытындылай келіп, ауданда көтерілген бастама мен айтылған ұсыныстар заң шығару жұмысы барысында ескерілетінін атап өтті.

Бөлісу