Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайту

15.12.2023 158

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

 

 

Құрметті Әлихан Асханұлы!

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өз Жолдауында ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын ұлғайту, ауылшаруашылық өндірісін қайта құру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық мамандарын ғылыми тұрғыда даярлау мәселесіне ерекше назар аударды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында – фитосанитариялық және ветеринариялық қызметті дамытуға  және нығайтуға басымдықтар берілген.

Осы жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру елдің азық-түлік қауіпсіздігінің жай-күйін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Бұл ветеринариялық-санитариялық ережелерді бұзудың алдын алу, анықтау және жолын кесу арқылы нарықты сапалы және қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету болып табылады.

Ұлттық ветеринария жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, эпизоотиялық жағдайды тұрақтандырып, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтуға жол ашады.

Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне аурулар мен инфекциялардың 68 түрі жатса, Халықаралық жануарлар денсаулығын сақтау (бұдан әрі - Эпизоотиялық бюро) бұл тізбеге аса қауіпті 88 аурулар  түрін енгізген.

Соңғы 2 жылда Қазақстанда эпизоотиялық жағдайдың нашарлау үрдісі байқалады. Еліміздің әртүрлі аймақтарында аса қауіпті жұқпалы және паразиттік аурулар өршіп барады. Бұл көп жағдайларда қосымша  экономикалық шығындар мен қайғылы салдарға әкеліп соғуда.

Осы ретте, еліміздегі орын алған кейбір мәселелерге назар аударғым келеді.

Сібір жарасы ауруына шұғыл шаралар қабылдамаса, ол Қазақстанды тұтастай қауіпті аймаққа айналуы мүмкін. Ашық дереккөздерге сүйенсек, 2016-2023 жылдары 99 адам сібір жарасын жұқтырып, оның 5 қаза болған.

Созылмалы бруцеллез ауруы барлық облыстарда кездеседі және Республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенмен ауру әлі өршіп тұр. 2013-2022 жылдары бруцеллез ауруымен 9866 адам ауырып, ауру саны 3,1% артты.

Қарағанды облысында  аусыл (яшур) ошағы шығып,  төтенше жағдай жарияланды. Шұғыл шаралар қабылданып, Эпизоотиялық бюро бұл өңірді қара тізімге енгізді. Осының салдарынан, ең ірі тұтұнышылардың бірі Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы мал өнімдеріне уақытша экспортқа шектеу қойды.

Бүгінгі күні, Еуропа елдерімен қоса басқа да мемлекеттерге Қазақстаннан ет және ет өнімдері экспорты шектелді.

Мемлекетіміздің Таяу Шығыс, Қытай, Араб елдеріне экспортты ұлғайтуға үлкен мүмкіндігі бола тұра, тиісті эпизотиялық жағдайдың нашарлығынан, айтарлықтай табыстарға қол жеткізе алмай отырмыз.

Ветеринариялық қызметті реттеу және бақылау функциясының төменгі жағдайы, Ауылшаруашылығы министрлігінің құрамында ветеринариялық, азық-түлік, фитосанитариялық және биологиялық қауіпсіздік сияқты өте маңызды салалардың әр түрлі мемлекттік органдарда болуынан.

Олар екі комитет және бірнеше департаментердің құзырында. Сонымен қатар, стандарттау, санитариялық сапалық бағалау және қадағалау Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына берілген. Бір саланы реттейтін функциялардың бірнеше мемлекеттік органдарға берілуі жауапкершіліктен жалтаруға әкеліп соғады. Құзырлы мемлекеттік органдар жауапкершілікті бір-біріне сілтеп, мәселені шешудің орнына жоғарғы тұрған лауазым иесінен  сөгіс алмау мақсатында ғана жұмыс атқарады.

 Ветеринария саласындағы кадрмен қамтамасыз ету мәселесі сын көтермейді, қазіргі жұмыс жасап жүрген мамандардың орташа жасы 55 құрайды. Ал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 14 жыл ішінде ауылға барған 95 мың маманның, небәрі 3,3 % ғана ауылшаруашылығы мамандары.

Саладағы ветеринариялық дәрігерлердің құқықтық мәртебесі мен мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы да өте төмен. Осы аталған мәселеге Үкімет тарапынан нақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылдайтын уақыттың жеткендігін басып айтқым келеді.

Республикамызда 2011 жылдан бастап АШМ ветеринария жүйесіне бірнеше реформалар жасалды, олар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің электрондық жүйесі, электрондық сертификаттау жүйесі, мал сырғаларын өтеусіз беруге ауыстыру және  т.б. елеулі жұмыстар жүргізілгенімен,  қазіргі уақытта малдың көп бөлігіне бірлейдендіру  жасалмаған.

Оның себебі сырғалардың  уақытында сатып алынбауы, конкурстардың  дұрыс ұйымдастырылмауынан. Ал есепсіз жүрген мал аса қауіпті ауру туғызуға бірден бір себепші екенін ұмытпауымыз керек.

Келесі бір маңызды мәселе «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне (КО ТР 021/2011) ветеринариялық дәрілік заттардың, фармакологиялық белсенді заттардың және олардың метаболиттерінің жануарлардан алынатын тамақ өнімдеріндегі қалдық мөлшерінің рұқсат етілген деңгейлері бөлігінде өзгерістер, ол 2024 жылы шілдеден бастап күшіне кіреді.

Осы өзгерістерге сәйкес, 75 дәрілік заттардың, фармакологиялық белсенді заттардың және олардың метаболиттерінің қалдық мөлшерін анықтауға зертханалық зерттеулер жүргізу қажет. Қазіргі уақытта ведомстволық бағынысты зертханалар жабдықталмаған, сондықтан азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттардағы ластаушы заттардың қалдықтарын анықтау бойынша сандық талдаулар жүргізуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан, біздің өнімдеріміз алыс шет елдерді айтпағанда Евразия аймағына өтпейді деген сөз.

Осы сұрақтар бойынша халықаралық тәжірибеге келсек, Әзірбайжанда 2017 жылы азық-түлік қауіпсіздігі агенттігі құрылып, оның жанында институты да жұмыс жасайды. Бұл елде реформалар қорытындысы бойынша, бұрын бес мемлекеттік орган атқарған қызметтер бір органға біріктірілген.

Осы бағыттағы жұмысқа басқа да көршілес мемлекеттер көшті: Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Қытай және Литва.

Бұл елдерде құрылған Агенттіктер азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау жөніндегі нормативті реттеу, азық-түлік бизнесі субъектілерін тіркеу, азық-түлік өнімдерінің бастапқы өндірісін жеткізуді, өндіруді, өңдеуді, сақтауды, тасымалдауды, айналымды реттеу (импорт-экспорт жөніндегі операцияларды қоса алғанда), фитосанитариялық және ветеринариялық сертификаттар беру, сондай ақ азық-түлік өнімдерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау және аталған салаларда мемлекеттік саясат пен реттеуді жүзеге асырады.

Ал, Қазақстанда бақылаушы орган мен бақылауға жататын органдардың бір министрлікте болуы, осы маңызды жұмыстың тиісті деңгейде жүруіне өз кедергісін келтіруде.

Тағы бір өзекті  мәселе, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институтының  «QazBioFharm» холдингіне беріліп, Қазақстанның ветеринариялық қызметіне ғылыми талдау жасау, стратегиялық маңызды құжаттарды әзірлеу, халықаралық ұйымдармен қарым-қатынас жасау және осы саладағы тәуекелдерді белгілеу жұмыстарын қажетті деңгейде жүргізе алмауы. Ғылымың ауылшаруашылығы министрлігінің құзыретіне берілу мәселесін қайта қарауды ұсынамын.

Жоғарыда аталған мәселелердің негізінде келесіні ұсынамын:

  1. Аса қауіпті аурулардың пайда болуын және таралуын алдын-алуға бағытталған халықты ақпараттандыру жұмыстарының бағдарламасын әзірлеуді;
  2. Жоғарыда айтылған функцияларды бір мемлекеттік органға қайта ұйымдастыру және біріктіру арқылы бір дербес, тәуелсіз мемлекеттік орган (агенттік) құруды;
  3. Зертханалардың жұмыстарын зерделеп, тисті заманауи жабдықтармен қаматамсыз ету бойынша нақты  шаралар қабылдауды;
  4. Ветеринария саласындағы төлем жүйесін қайта қарауды және жеке ветеринария ұйымдарына ақылы қызмет көрсету жүйесін енгізу жұмыстарын  қарастыруды.

 «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес заңнамамен белгіленген мерзімде осы мәселелер бойынша жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймыз.

 

Құрметпен,

 

А. Өтеғұлов

Бөлісу