«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын Комитет отырысында қарастырды
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын және «Халықтың кредиттелуін төмендету және қаржылық сауаттылығын арттыру туралы» парламенттік тыңдаулардың қорытындылары бойынша ұсынымдардың және Ел Президентінің өзге де тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.
Заңның негізгі бағыттары:
1.Қарыз алушылардың кредиттері бойынша борыштардың өсуіне жол бермеу;
2. Азаматтардың қарыздарын коллекторларға беруді шектеу;
3. Мерзімі өткен берешекті сотқа дейінгі реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту;
4. Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту;
5. Азаматтардың кредиттер бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету;
6. Несиелік алаяқтықты азайту;
7. Банктердің стресстік активтерін экономикалық айналымға тарту;
8. Синдикатталған қаржыландыруды дамыту.
Бірінші бағыт бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдарында (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктерде проблемалық қарыздары бар азаматтарға борыштық жүктеменің өсуіне жол бермеуді қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Заңда мыналар көзделген:
- 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу;
- қолданыстағы тұтынушылық кредиттерге 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салу;
- жұбайының (зайыбының) келісімінсіз азаматтарға кредиттер беруге тыйым салу;
- PDL-микрокредиттердің күшін жою (жалақыға дейінгі қысқа мерзімді қарыздар);
- кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасын шектеу;
- жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі барлық қарыздары мен микрокредиттері бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банктің бірлескен актісімен белгілеу;
- барлық кредиттер бойынша жиынтық берешекті шектеу үшін макропруденциалдық нормативтерді енгізу;
- тұтынушылық несиенің заңнамалық тұжырымдамасын енгізу. Бұл ретте банктердің және микрокредиттік қаржы ұйымдарының халыққа ең жоғары мөлшерден артық тұтынушылық кредиттер беруіне тыйым салынады (банктер үшін – 5 млн теңге, микроқаржылық ұйымдар үшін – 3 млн теңге).
Екінші бағыт бойынша банктер бүгінде азаматтардың кредиттері бойынша қарыздарды коллекторларға белсенді түрде береді, бұл ретте берешекті ресми түрде реттейді. Проблемалық қарыздармен жұмыс істеу кезінде олардың жауапкершілігін арттыру қажет.
Ол үшін заң 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктердің және микроқаржылық ұйымдардың коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттерін сатуына мораторий енгізеді.
2026 жылғы 1 мамырдан кейін мерзімі өткен берешек туындаған кезден бастап жиырма төрт ай өткенге дейін және қарыз алушы айыппұлдардың, өсімпұлдар мен комиссиялардың толық күшін жоюды қоса алғанда, қарыз бойынша берешекті өтей алатын тараптар үшін өзара қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу кезінде жеке тұлғалардың кредиттерін коллекторлық агенттіктерге сатуға шектеу енгізіледі.
Бұдан басқа, коллекторлық агенттіктердің жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізу міндеті енгізіледі.
Үшінші бағыт бойынша, мерзімі өткен берешекті сотқа дейінгі реттеу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында: банктік қарыздың барлық шарттары бойынша дауларды шешу жөніндегі Банк омбудсманының өкілеттігі кеңейтілуде; микроқаржы омбудсман институты оған микрокредиттер бойынша дауларды қарау жөніндегі құзыретін бере отырып енгізіледі; кредиторлардың қарыз алушыларды мерзімі өтіп кеткені туралы хабардар ету мерзімі 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады.
Сондай-ақ, әскери қызметшілердің мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне сыйақы есептемей кредиттері бойынша кейінге қалдыру беріледі.
Төртінші бағыт бойынша атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында Заңда келесілер көзделген:
- 1 және 2 топтағы мүгедектері және кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйден шығаруға тыйым салу;
-кредит бойынша төлем талабын қойған кезде банктік шотта ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінен (87 мың теңге) кем емес мөлшерде ақшаны сақтау;
- ипотеканы сот арқылы жүзеге асырылған жағдайда ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша бланкілік қалдықтарды есептен шығару;
Бұдан басқа, банктерге халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын бұрынғы меншік иелеріне олардың балансына өткен тұрғын үйді жалға беру құқығы беріледі.
Бесінші бағыт бойынша азаматтардың банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін заңда мыналар қарастырылған:
- борышкердің реттеуді жүргізгенін және мерзімі өткен берешекті өндіріп алғанын растайтын құжатты ұсынуы жөніндегі талапты алып тастау;
- кредиторлар үшін мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімін жүргізу туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беру жөніндегі талапты енгізу;
- лицензиясынан айырылған және тарату сатысындағы қаржы ұйымдарын, сондай-ақ бұрын берілген кредиттер бойынша азаматтарға талап қою құқықтары бар ұйымдарды соттан тыс банкроттық рәсімі үшін кредиторлар тізбесіне енгізу;
- берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімін жүргізу мерзімдерін 18 айдан 12 айға дейін қысқарту.
Алтыншы бағыт бойынша кредиттер бойынша алаяқтықты азайту үшін заңда:
- азаматтардың банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер алудан ерікті түрде бас тартуын енгізу;
- кредиттік есептен ерікті түрде бас тартылған жағдайда жеке тұлғаға кредит беруге банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін тыйым салуды белгілеу;
- кредит берушілердің азаматтарға берілген кредиттер бойынша кредит алудан ерікті түрде бас тартуы болған кезде берешегін есептен шығару міндетін енгізу;
- банктердің және микроқаржы ұйымдардың берілген кредиттер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға онлайн режимінде беруі қарастырылған.
Жетінші бағыт бойынша банктердегі стресстік активтердің деңгейін төмендету және бизнесті кредиттеудің өсуін қамтамасыз ету үшін заңмен қаржы ұйымдарының стресстік активтерді мамандандырылған цифрлық платформалар арқылы өткізу міндеті енгізіледі.
Заңда цифрлық платформаны құруға рұқсат беру тәртібі және стресстік активтерді сату бойынша цифрлық платформаларда сауда-саттық жүргізу қағидалары, сондай-ақ ақпараттық және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар белгіленеді.
Сегізінші бағыт бойынша синдикатталған кредит беру тетігін дамыту үшін заң резидент емес банктерді қосу есебінен синдикатқа қатысушылар құрамын кеңейтуді көздейді. Синдикатталған қарызды ресімдеу процесін үйлестіру үшін "синдикатталған қарызды ұйымдастырушы" ұғымы енгізіледі және оның негізгі функциялары айқындалады. Сондай-ақ бірнеше кепіл ұстаушылар болған кезде кепіл мүлкін меншікке айналдыру рәсімдері, сондай-ақ кепіл мүлкін сатудан түскен түсімді бөлу тәртібі көзделген.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде мен заңды қолдауды және бас комитетке ескертусіз жіберуді ұсынамын.