«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе Заңдар Сенаттың жалпы отырысында қаралды
Сіздердің қарауларыңызға «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары ұсынылады.
«Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Заңы адам саудасы құрбандарының құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған «Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлықта көзделген Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
Заңды қабылдау Қазақстан Республикасының адам саудасының алдын алу, адам құқықтарын қорғау және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған шараларды одан әрі күшейтуге дайын екендігінің дәлелі бола отырып, еліміздің адам құқықтары мен қылмысқа қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық стандарттарды сақтауы мен имплементациялауына ықпал етеді.
Заңда мынадай негізгі ережелер айқындалған:
Біріншіден, негізгі Заңда алғаш рет заңнамалық негізде «адам саудасының құрбаны», «адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілері» және басқа да ұғымдарды енгізу көзделеді.
Екіншіден, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысын қамтитын адам саудасына қарсы іс-қимыл жүйесін қалыптастыру қарастырылады. Осы орайда заң уәкілетті, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, туристік қызмет субъектілерінің, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің өзара іс-қимыл тетіктерін реттейді.
Сонымен қатар, адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық және өңірлік комиссиялардың құзыреттері және халықаралық ынтымақтастықтың негіздерін айқындалады.
Үшіншіден, адам саудасына қарсы құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіруге, атап айтқанда, тәуекелдерді бағалау және қылмыстардың себептері мен жағдайларын анықтап, алдын алу шараларын айқындауға бағытталған нормалар көзделеді.
Төртіншіден, қудалау шараларына қатысты адам саудасының барлық түрлері бойынша қылмыстық заңнамаға сілтеме нормалар қарастырылады. Оның ішінде мәжбүрлі еңбек, жыныстық қанау, адам ағзасының органдарын және нәрестелерді саудаға салу, қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстар да бар.
Бесіншіден, адам саудасы құрбанының құқықтарын қамтамасыз етуге, оларға медициналық, психологиялық, құқықтық жәрдем және тағы басқа көмек көрсетуге бағытталған нормалар көзделген.
Сондай-ақ, халықаралық нормаларға сәйкес Заңға адам саудасының шетелдік құрбандарының, олардың құқық қорғау органдарына жүгіну, арнаулы әлеуметтік қызметтер шеңберінде азаматтығына сәйкес еліне қайтаруға жәрдемдесу құқықтары туралы нормалар енгізіледі.
Жеке тарау адам саудасындағы ең осал санат ретінде саналатын - кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға арналған.
Ілеспе заңдар негізгі Заңның ережелерін іске асыру үшін әзірленген және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Атап айтқанда, Қылмыстық кодексте адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша жаңа құрамдар мен саралау белгілері көзделеді.
Бұдан басқа, ілеспе заңдар шеңберінде вандализм, бұзақылық және бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны үшін жазаны қатаңдату жөнінде түзетулер Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне енгізіледі.
Жалпы, заңдардың қабылдануы:
- адам саудасына қарсы іс-қимылдың бүкіл жүйесін реттеудің құқықтық базасын құруға;
- адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің шеңбері мен құзыретін, сондай-ақ олардың арасындағы өзара іс-қимыл механизмін анықтауға;
- адам саудасының жасырындылығын азайтуға;
- адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыруға мүмкіндіктер береді.
Құрметті әріптестер, баяндалғандардың негізінде, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті:
1) Конституцияның 61-бабының 4-тармағына сәйкес «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын мақұлдауды;
2) Сенат Регламентінің 58-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады.