Сенаторлар адам саудасына қарсы іс-қимыл және кейбір экономикалық заңсыздықтарды қылмыстан арылту туралы заңдарды талқылады
Сенаторлар Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысында қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және экономикалық құқық бұзушылық саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңдарды қарады.
Атап айтқанда, «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңға және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға жаңа туған нәрестелерді тастап кету және жетімдердің түсу фактілері туралы міндетті түрде хабардар ету, притондарды, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік, вандализм жасағаны үшін жазаны қатаңдату сияқты жаңалықтар енгізіледі.
Парламентшілер одан басқа «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды да қарады. Бұл құжаттар Қылмыстық кодекстің кедендік және салықтық құқық бұзушылықтарға байланысты кейбір баптарын қылмыстық сипаттан арылтуды көздейді. Депутаттар сондай-ақ отырыс барысында кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің мақсаттары, шаралары мен міндеттерін талқылады.
Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.