Сенаторлар Комитеттің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын талқылады
Құрметті Нұрлан Құдиярұлы!
Құрметті әріптестер,
және Комитет отырысына шақырылғандар!
Сіздердің назарларыңызға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы ұсынылады.
Заң Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулыларын іске асыру, оның ішінде азаматтарды әртүрлі мемлекеттік қызмет түрлеріне қабылдауға мерзімсіз тыйым салуды алып тастауға, мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы оның құқықтық шешімдеріне сәйкес келтіру және құқық қорғау, әскери қызмет және арнаулы мемлекеттік органдар жүйесіндегі кадр мәселелері бойынша тәсілдерді жетілдіру мақсатында әзірлен.
Осыған байланысты Заңның міндеттері тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік шараларынан туындайтын мемлекеттік қызметке кіруді шектеу мерзімдерін, олардың салдарларының мөлшерлестігін айқындау, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштердегі басшы лауазымдарды іріктеуді жетілдіру және оларды жасақтау сапасын арттыру, арнаулы, әскери атағын немесе жоғары басшы құрам мен басқаларының сыныптық шенін төмендету түрінде тәртіптік жаза қолдану тәртібін реттеу болып табылады.
Түзетулер 8 заңға, оның ішінде «Мемлекеттік қызмет туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Арнаулы мемлекеттік органдары туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» және «Ішкі істер органдары туралы» Заңдарға енгізіледі.
Заңның жоғарыда аталған міндеттерін ескере отырып, енгізілген түзетулерді екі блокқа бөлуге болады.
Бірінші блокқа мыналарды белгілейтін түзетулер кіреді:
- Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді немесе қызметтік әдепті сақтамағаны үшін жұмыстан шығарылған, тәртіптік теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылған адамдар үшін мемлекеттік қызметке қабылдау кезіндегі шектеулер мерзімдері;
- кәсіби жарамсыздығына қарай атқаратын лауазымына сай келмеу жөніндегі өкілеттігін тоқтатқан судьяларға қандай да бір уақытша шектеусіз мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек бостандығына конституциялық құқықты іске асыру;
- қатарынан үш және одан да көп сағат ішінде қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен босатылған адамдардың әскери қызметке кіруіне мерзімсіз тыйым салуды алып тастау;
- Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес ратификацияланған халықаралық шарттардың ұлттық заңнамадан басымдығы туралы нормалар.
Түзетулердің екінші блогы:
- Президенттік және кадр резервтерін жою, сондай-ақ қызметкерлердің қызметін бағалау;
- цифрлық рейтингті енгізу (бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші);
- жоғары тұрған басшылық лауазымдарға ұсыну үшін жоспардан тыс аттестаттауды және полиграфологиялық зерттеуді енгізу;
- аттестаттаудың қосымша кезеңі ретінде психологиялық-әлеуметтік зерттеуді қосу;
- Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс аттестаттау кезеңдерін айқындауы;
- әдеп нормаларын және басқаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту.
Заңның қабылдануынан күтілетін нәтижелер:
- әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беретін мемлекеттік қызметке кіруді шектеу мерзімдерін белгілеу;
- күш органдарында кадр процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізу;
- құқық қорғау органдарының басшы лауазымдарын ротациялаудың бірыңғай тәртібін белгілеу;
- құқық қорғау органдарының басшы лауазымдарына кандидаттарды іріктеу тетігін жетілдіру.
Заңның қабылдануы республикалық бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де салдарға әкеп соқпайды.
Заң Комитеттің жұмыс тобының бірнеше отырыстарында жан-жақты талқыланды, көтерілген сұрақтарға толығымен мәліметтер алынды.
Сенаттың тұрақты комитеттерінен осы Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ.
Жоғарыда баяндалғандардың негізінде, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Заңының 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Сенат отырысының қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Сенат отырысының қарауына енгізеді және Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 4-тармағына сәйкес мақұлдауды ұсынады.
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет.