Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат депутаттары Түркістан облысының Созақ ауданына барды

08.07.2025 151

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев жұмыс сапарымен Түркістан облысына барып, Созақ ауданында бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпорын ұжымымен кездесті.

Сенаторлар аудан орталығында салынып жатқан 200 орындық спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Жоба құжаттары, құрылыс қарқыны және материал сапасы жөнінде мердігермен пікір алмасып, нақты ұсыныстар айтты.

Жұмыс сапары аясында сенаторлар Созақ ауданындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Қазатомөнеркәсіп-Sauran» ЖШС-нің қызметімен танысты. Уран өндірумен айналысатын кәсіпорында сенаторлар өндірістік үдерістер, еңбек жағдайы мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы мәселелерін талқылады. Кәсіпорын ұжымымен өткен кездесуде заңнамалық өзгерістердің өндіріс саласына әсері жөнінде кеңінен сөз қозғалды.

Осыған орай, «Қазатомөнеркәсіп-Sauran» ЖШС қызметіне байланысты экологиялық қауіптер мен халық денсаулығына төнетін залалдар туралы нақты мәселелер көтерілді. Соңғы жылдары уран өндірісіне жақын орналасқан елді мекендерде, әсіресе балалар мен жастар арасында түрлі ауралардың жиілегенін тұрғындар атап өтті. Осыған байланысты, тұрғындар аталған өңірге қосымша әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтерді.

Сенаторлар жаңадан қабылданған Су, Бюджет және Салық Кодекстері, құқық, білім және денсаулық сақтау салаларындағы реформалар жөнінде жан-жақты баяндады. Сонымен қатар, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заңның маңыздылығын атап өтті.

Кейін аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өтті. Онда сенаторлар Парламенттің жоғары палатасында қабылданып жатқан заңдарына тоқталып, олардың жергілікті деңгейде жүзеге асырылу тетіктерін түсіндірді. Әсіресе, су ресурстарын басқару, бюджеттік жоспарлау, салық салу жүйесін жетілдіру және әкімшілік реформалар мәселесі кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында мәслихат депутаттары мен тұрғындар тарапынан білім, денсаулық сақтау, жол жөндеу, ауызсу және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. Сенаторлар барлық ұсынысты мұқият тыңдап, оларды тиісті мемлекеттік органдарға жеткізіп, депутаттық сауал арқылы бақылауға алатындықтарын атап өтті.

Бөлісу