Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат отырысында «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қаралды

19.06.2025 236

Заң Мемлекет Басшысының ағымдағы жылғы Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстарын ескере отырып, Парламенттің бір топ депутаттарының бастамашылығымен әзірленді.

         Қылмыстық кодекстің 78-бабында рақымшылық жасау актісін қабылдаудың және оны қолданудың жалпы шеңбері айқындалған.

Қаралып отырған Заңның мақсаты - Конституцияның 30 жылдығына орай қоғамда қылмыстық-құқықтық сипаттағы бір реттік гуманизм актісін жүргізу арқылы рақымшылық жасау болып табылады.

       Заң мына негізгі ережелерді қамтиды:

-              рақымшылық қолданылатын әлеуметтік жағынан осал адамдардың тізімі нақты белгіленеді. Олардың қатарына соғыс және еңбек ардагерлері; қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезінде 18 жасқа толмағандар; осы Заң қолданысқа енгізілетін күнге жүкті әйелдер; бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар және басқа да нақты адамдар топтары жатқызылады;

-     қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатуға негіз беретін қылмыстық құқық бұзушылықтар тізімі;

-   негізгі жазаның мерзімдерін немесе мөлшерлерін қысқартуға негіз болатын қылмыс санаттары мен қысқартудың нақты мерзімдері;

-     осы Заңның күші қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі мен сәйкесінше рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар;

-     рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тәртібі;

-              Заңды іске асыру бойынша Үкiмет пен жергілікті атқарушы органдардың бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жөніндегі атқарылатын шаралар бойынша құзыреттері анықталады.

Заңға сәйкес қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар, залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар босатылады. 

Негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, Заңмен белгіленген  рақымшылық жасау актiсiн орындаудың 6 айлық кезеңiнде жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады.

Аталып өткен жағдайлар қылмыстық іс жүргізу сатысындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер қылмыстық процесті жүргізетін органның адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, тоқтатуына негіз болады.

Ал жасағаны үшін міндетті түрде қосымша жаза тағайындау көзделетін, соттардың іс жүргізуіндегі қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша адамдарды сот негізгі жазадан босатады.

Осы қылмыстар бойынша сотталған адамдар негізгі жазасын ғана одан әрі өтеуден босатылуға жатады.

Сонымен қатар, Заң негізгі жазаның мерзімдерін немесе мөлшерлерін қысқартуға мүмкіндік беретін жағдайларды да нақты анықтайды.

Айта кететін жайт, рақымшылық шаралары сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағанның 14-тен 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар; өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған және заңда нақты қарастырылған басқа да қылмыстар  жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды.

Қылмыстық процесті жүргізетін органдар, сондай-ақ
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелері және жазаны орындайтын органдар Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап 6 ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етуге шаралар қабылдауға міндеттеледі.

Егер өзіне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкін адам бұған қарсы болса, рақымшылық жасау қолданылмайды.

Рақымшылық жасау кезінде сотталғандықты алып тастау Қылмыстық кодекстің 79-бабында белгіленген жалпы негіздерде жүргізіледі.

Заң жұмыс тобы мен Комитет отырыстарында заң бастамашыларының және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты талқыланып, қарастырылды.

Сенаттың тұрақты комитеттерінен осы Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар келіп түскен жоқ.

        Құрметті әріптестер!

         Баяндалғандарды ескере отырып, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 29-бабының 7) тармақшасын басшылыққа ала отырып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасы Конституциясы  61-бабының 4-тармағына сәйкес мақұлдауды ұсынады.

Бөлісу