Сенаторлар Жетісу облысында азаматтардың құқықтары мен заңдылықтарын қамтамасыз ету барысымен танысты
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Жетісу облысында болды. Сенаторлар мәслихат пен облыс әкімдігінің басшылығымен, сондай-ақ адам және бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, сот пен құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті. Шараға қатысушылар заңның үстемдігін қамтамасыз ету және адам құқықтарын сақтау мәселелерін талқылады.
Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруда заң үстемдігі қағидатын нығайту мен адам құқықтарын қорғау шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Ол құқықтық мемлекеттің құрылуы мен дамуына негіз болатыны айтылды.
«Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаты – заң үстемдігі мен адам құқығының сақталуы, ол қоғамдағы әділеттілік, теңдік пен тұрақтылыққа тікелей қатысты. Еліміздің Президенті «Заң және тәртіп» қағидаты құқықтық мемлекеттің іргетасы екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Осыған байланысты қоғамда осы қағиданы бекіту үшін құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін қалыптастыру аса маңызды екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып отыр. Президент халыққа Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталды», - деді Нұрлан Бекназаров.
Сот өкілі өз кезегінде реформалардың басты міндеті – адамдардың сотқа деген сенімін арттыру екенін атап өтті. Соттар электронды білезікті үй қамауына қолдана бастады, бұл жазаны ізгілендіруге көмектеседі. Әкімшілік сот төрелігі нәтижелі дамуда: қазір азаматтардың мемлекеттік органдарға қарсы талабының 90%-дан астамы қанағаттандырылуда. Заңсыз берілген жерлерді қайтару жөніндегі даулар белсенді түрде шешілуде.
Облыстық полиция департаментінің өкілі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыстың оң нәтижесі туралы айтып берді. Мәселен, өңірде қылмыс деңгейі едәуір төмендеді – 2025 жылдың алғашқы төрт айында қылмыс саны 7,4%-ға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс саны 5,3%-ға қысқарды.
Парламентшілер сонымен қатар спорттық-оңалту кешенінде болып, мүгедек адамдарды оңалту және бейімдеу шарттары мен бағдарламаларымен танысты.