Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар Түркістан облысындағы өнеркәсіптік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесін талқылады

30.12.2025 138

Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек жұмыс бабындағы сапармен Түркістан облысының Сауран ауданында болды. Депутаттар сапар барысында өңірдегі өнеркәсіптік және әлеуметтік бірқатар нысандарының қызметімен танысты.

Сенаторлар жаңбырлату қондырғылары мен суару жүйелерін шығаруға маманданған «BNK Group» кәсіпорнында болды. Олар компанияның өндірістік қуатын, технологиялық жабдықталу деңгейін және одан әрі даму келешегін бағалады.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында өндіріс үдерісін жетілдіру, жергілікті кадрларды даярлау, қызметкерлерді әлеуметтік қолдау және экспорттық әлеуетті дамыту мәселелері талқыланды. Сенаторлар айтылған ұсыныстар уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатынын атап өтті.

Депутаттар сондай-ақ Шорнақ ауылындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында да болды. Мекеме қолдауға мұқтаж азаматтарға медициналық-сауықтыру, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қызметтер көрсетеді.

Сенаторлар сапар аясында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығын қолдаудың өзекті мәселелері талқыланды. Тұрғындар инженерлік желілерді жаңғырту, ауыз су мен табиғи газға қолжетімділікті кеңейту, сондай-ақ әлеуметтік нысандар санын ұлғайту жөнінде ұсыныстар айтты.

Депутаттар Кентау қаласында да болды. Сенаторлар Кентау трансформатор зауытында болған кезде кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті және Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылында экономиканы дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Депутаттар сондай-ақ заманауи жабдықтармен жабдықталған және жаңа жұмыс орындарын ашып отырған газ қазандықтарын шығаратын жаңа «TURAN SHENHUA» зауытының жұмысымен танысты.

Сенаторлар жұмыс сапарының соңында мәслихат депутаттарымен және өңір ақсақалдарымен кездесті. Олар Сенаттың қызметі, қабылданған заңдар және заң шығару жұмысының басым бағыттары туралы хабардар етілді. Парламентшілер халықтан келіп түскен барлық өтініштер қаралатынын және қажет болған жағдайда депутаттық сауал түрінде көтерілетінін жеткізді.

Бөлісу