Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Түркістан облысының даму басымдықтарын талқылады

05.01.2026 153

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев пен Мұрат Қадырбек Түркістан қаласының және Отырар ауданының тұрғындарымен кездесті.

Сенаторлар Түркістанда «Turan» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан «Алтын Дала мақта» және «Turkestan Textile» өндірістік нысандарында болды. Депутаттар кәсіпорындардың қазіргі жағдайымен, олардың өндірістік қуатымен, қолданылатын технологиямен және дайын өнімді өткізу үдерісімен танысты және еңбек ұжымдарымен кездесті.

Сенаторлар кәсіпкерлермен кездесулер барысында мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, сондай-ақ Парламенттің ағымдағы сессиясы кезінде қабылданған, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған заңдар туралы хабардар етті. Өндірістік аймақтың инвестициялық ахуалын жақсартудың және экспорттық әлеуетін арттырудың маңыздылығы ерекше аталып өтті.

Депутаттар Түркістан қаласының активімен кездесіп, онда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын қолдау, құқықтық жүйені жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заңды іске асыру аясында «Алаш» қозғалысының қайраткерлеріне арналған мұражай ашу туралы бастама көтерілді. Сенаторлар тарихи-рухани мұраны сақтау үшін осы ұсыныстың маңыздылығын атап өтіп, оны Үкіметпен өзара іс-қимыл жасай отырып пысықтауға жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.

Сенаторлар Отырар ауданында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен, оның ішінде «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» көпфункционалды кешенінің құрамындағы заманауи мақта өңдеу зауытының қызметімен танысты. Кәсіпорын заманауи агротехнологияларды енгізіп, су ресурстарын тиімді пайдалануға ықпал ететіні және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатыны атап өтілді. Парламентшілер жергілікті деңгейде су үнемдеу технологиясын дамыту ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін инновациялық шешімдердің қолжетімділігін кеңейтуге, өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететінін атап көрсетті.

Бөлісу