Сенаторлар Түркістан облысының дамуын Мемлекет басшысы белгілеген тәсілдер аясында талқылады
Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев жұмыс сапарымен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарына барды. Парламентшілер халықпен кездесулер өткізіп, бірқатар әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысанның қызметімен танысты.
Өңірдегі жұмыс Мемлекет басшысының жуырда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында белгіленген тәсілдерді ескере отырып құрылды. Президент өңірлік дамудың мазмұндылығы және іске асырылып жатқан жобалардың - инвестициялық бастамалардан бастап, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етуі тиіс әлеуметтік бағдарламаларға дейінгі практикалық қайтарымдылығының маңыздылығын атап өтті.
Осыған байланысты сенаторлар ірі инвестициялық жобаларға да, халықтың күнделікті қажеттіліктеріне тікелей қатысты базалық инфрақұрылым және әлеуметтік сала мәселелеріне де назар аударды.
«Өңірлердегі ірі инвестициялық жобалар өздігінен емес, тұрақты жұмыс орындарын құрудың және жергілікті жерде адамдар шынымен сезінетін экономикалық базаны қалыптастырудың құралы ретінде маңызды», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Атап айтқанда, парламентшілер Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекарасына жақын орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына барды. Алаңда ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оның аясында онға жуық өндіріс нысанын іске қосу қарастырылған. Бұл нысандар шекара маңы саудасын дамытуға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Сондай-ақ, сенаторлар Мақтаарал ауданының елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерінің жай-күйімен танысты. Тұрғындардың орталықтандырылған ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз етілуіне қарамастан, бірқатар ауылдарда тозған желілерді жаңарту қажеттілігі сақталып отыр. Ақжол ауылында сенаторлар су құбыры инфрақұрылымын қайта құру барысын тексеріп, сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртудың одан әрі қадамдарын талқылады.
Тұрғындармен кездесулер барысында сенаторлар Парламент қабылдаған заңдардың ережелерін түсіндіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзекті проблемаларды шешуге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Жетісай ауданында парламентшілер «Асық ата» аудандық ауруханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоба халыққа медициналық көмек көрсету үшін заманауи жағдай жасауға бағытталған. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына және нысанды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына ерекше назар аударылды.
Бұдан басқа, сенаторлар жеке инвестициялар есебінен салынған теннис орталығының қызметімен танысып, мұндай жобалардың спорт инфрақұрылымын дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастарды бұқаралық спортқа тартуға қосқан үлесін атап өтті.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, парламентшілер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Мүйтембай ата» шаруа қожалығының бордақылау алаңына барды. Жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
«Өңірлердегі жұмыс Президенттің жуырдағы сұхбатында айтылған тәсілдерді жергілікті жердегі нақты жағдаймен салыстыруға және адамдардың нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Әли Бектаев.