Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар Түркістан облысының аудандарында Президенттің АӨК-ті қолдауға қатысты тәсілдерін талқылады

09.01.2026 144

Парламент Сенаты депутаттарының Түркістан облысының Келес және Сарыағаш аудандарына жасаған жұмыс сапарының негізгі тақырыптары аграрлық секторды дамытудың, кәсіпкерлікті қолдаудың және аумақтардың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының практикалық мәселелері болды.

Сенаторлар Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сәтвалдиев бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек жағдайларымен танысты және кәсіпорындардың ұжымдарымен сұхбаттасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген жақындағы сұхбатында агроөнеркәсіптік кешен мен ауылдық аумақтарды дамыту мәселелеріне жеке тоқталып, кооперацияның, заманауи технологияларды енгізудің және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы фермерлерді қолдау және жергілікті жерлерде қайта өңдеуді дамыту ауыл экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысы үшін нақты мүмкіндіктер жасауы керектігін жеткізді.

Келес ауданында сенаторлар кезең-кезеңімен іске асырылып жатқан ECOCULTURE-EURASIA индустриялық жылыжай кешені жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бірінші кезеңі 51 гектардан астам жерді қамтиды, инвестицияның жалпы көлемі 42 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта қазандық шаруашылығы бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, заманауи жылыжай технологиялары енгізілуде, өндірістік блоктардың бір бөлігі ауыл шаруашылығы дақылдарын отырғызуға дайындалды. Бүгінде нысанда 100-ге жуық адам жұмыс істейді, ал кешеннің жобалық қуаттылығына шыққаннан кейін 1 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Кешеннің өндірістік қуаты жылына 25 мың тоннаға дейін өнім шығаруды құрайды.

«Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту инвестицияны, заманауи технологияларды және тұрақты жұмыс орындарын құруды біріктіретін жүйелі тәсілді талап етеді», - деді Әли Бектаев.

Сонымен қатар, парламентшілер «Sun Dala» брендімен минералды су және алкогольсіз сусындар шығаратын зауыттың құрылыс барысымен танысты. Онда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, іске қосу-жөндеу шаралары жүргізілуде. Жобаға салынған инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынды пайдалануға бергеннен кейін 50-ге жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр, ал өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталатын болады.

Бұдан бөлек, сенаторлар шағын цех ретінде басталып, бүгінде тұрмыстық химияның кең ауқымды өнімдерін шығаратын «Saf» кәсіпорнына барды. Компания өнімдері ішкі нарықта және шетелде сатылуда. Ұжыммен әңгімелесу барысында сенаторлар өндірісті одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жолдарын түсіндірді.

Сенаторлар Сарыағаш ауданында тұрғындармен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізді. Ашық диалог барысында Парламент қабылдаған заңдардың ережелері түсіндіріліп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар азаматтарды жеке қабылдады.

Жұмыс сапары аясында парламентшілер жылыжай жағдайында лимон өсіру жобасы іске асырылып жатқан «Жабай ата» шаруа қожалығына да барды. 7 гектар жерге лимон ағаштары сәтті бейімделген, олар қазірдің өзінде өнім беруде. Шаруашылықта 80-ге жуық адам жұмыспен қамтылған, өнімнің негізгі бөлігі ішкі нарықта сатылады.

Сапар қорытындысы бойынша сенаторлар өндірістік жобаларды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және халықпен тікелей диалог өңірлердің тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарттары болып қала беретінін атап өтті.

Бөлісу