Жаңа Конституция: сенаторлар Түркістан облысында дәрігерлермен және өндіріс секторының өкілдерімен кездесті
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша түсіндіру жұмыстары Түркістан облысында жалғасуда. Парламент Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Төлеби ауданына жұмыс сапары аясында әлеуметтік сала өкілдерімен және кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Ленгер қалалық емханасы да талқылау алаңының бірі болды. Медицина қызметкерлері ашық пікірлесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері бойынша сұрақтар қойып, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді нығайту және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған баптарға қатысты түсініктемелер алды.
«Жаңа Ата заң жобасында халықтың денсаулығы мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізін қалыптастыратын маңызды құқықтық тетіктер көрсетілген», - деп атап өтті Әли Бектаев.
Жұмыс сапары ауданның өндіріс алаңдарында жалғасты. Сенаторлар сүт өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорынның ұжымымен кездесіп, алдағы референдумның маңыздылығы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы конституциялық өзгерістердің рөлін талқылады. Заң үстемдігі қағидатын нығайту, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінді.
Депутаттар түсіндіру науқаны аясында Киелітас ауылындағы «Qazaq Bitum» ЖШС кәсіпорнында да болды. Кездесу барысында жаңа Конституцияның өнеркәсіпті дамытуға әсері, адал бәсекелестікке жағдай жасау, еңбек құқықтарын қорғауды күшейту және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты қарастырылды. Реформалар экономиканың нақты секторын нығайтуға, отандық өндірісті қолдауға және еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Кездесулердің қорытындысы бойынша медицина және өндіріс салаларының өкілдері жаңа Конституция жобасының әлеуметтік бағытын атап өтіп, еліміздің тұрақты дамуы үшін жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына тоқталды.