ҚР Парламенті Сенатында «Адвокатураның жай-күйі мен оны одан әрі дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел
ҚР Парламенті Сенатында «Адвокатураның жай-күйі мен оны одан әрі дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Талқылауға Сенат депутаттары, Әділет министрлігінің, сот органдарының, адвокаттар қауымдастығының өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Евгений Больгерт адвокатура институтын одан әрі дамытудың және азаматтарға білікті заң көмегін көрсету кепілдіктерін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Білікті заң көмегін алу құқығы - азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі конституциялық кепілдіктерінің бірі. Бұл норманың тиімді іске асырылуы адвокатура институтының дамуымен және оның елдің құқықтық жүйесіндегі рөлін нығайтумен тікелей байланысты», - деді сенатор.
Талқылау барысында қатысушылар адвокаттық қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру, заң көмегінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ кәсіби стандарттарды дамыту және құқықтық көмек көрсету процестерін цифрландыру мәселелерін қарастырды.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков адвокатура адам құқықтарын қорғау жүйесінің маңызды элементі және сот төрелігінің негізгі қатысушыларының бірі екенін айтты. Оның айтуынша, адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту адвокаттардың тәуелсіздік кепілдіктерін күшейтуге және олардың азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын қамтамасыз етудегі рөлін арттыруға мүмкіндік береді.
Қатысушылар кәсіпке жіберу рәсімдерінің ашықтығын арттыру, мемлекет кепілдік берген заң көмегі жүйесін дамыту және адвокаттар қауымдастығының институционалдық тәуелсіздігін одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Талқылауды қорытындылай келе, Евгений Больгерт жаңа Конституция жобасында адвокатура мәртебесін бекітудің елдің құқықтық жүйесін одан әрі дамыту үшін қағидаттық маңызы бар екенін атап өтті.
«Бұл норма қоғамдағы адвокатураның рөлін жаңаша пайымдауға жол ашады және оны сот төрелігі жүйесіндегі азаматтардың конституциялық қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ететін маңызды теңгерімдеуші институт ретінде бекітеді», - деп түйіндеді сенатор.