Сенатор Евгений Больгерт Семей кәсіпкерлеріне Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер туралы айтты
Кездесу барысында қосылған құн салығы, корпоративтік және жеке табыс салығына қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға екі жылдан астам уақыт бойы әзірленген жаңартылған Кодекстің басты тұжырымдамалары таныстырылды.
Негізгі жаңалықтардың қатарында: есеп беру нысандарын оңайлату және есептілікті азайту, арнайы салық режимін жаңарту, салық салу тәсілдерін қайта қарау, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ҚҚС жеңілдіктерін 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайту, жоспарлы салық тексерулерін алып тастау, сондай-ақ салық есептілігін қайтарып алуға тыйым енгізу бар.
«Кәсіпкерлерден, «Атамекен» ұлттық палатасынан және салалық қауымдастықтардан көптеген ұсыныс түсті. Сенатта Кодексті пысықтау кезінде олардың басым бөлігі ескерілді. Біздің міндетіміз – заңдарды қабылдап қана қоймай, олардың тәжірибеде тиімді қолданылуын қамтамасыз ету. Біз нормалардың орындалуын қадағалауды жалғастырып, Үкіметпен бірге қосалқы актілерді әзірлеуге қатысатын боламыз», – деді Евгений Больгерт.
Сенатор сондай-ақ Сенат Мәжіліске жіберген түзетулер туралы да ақпарат беріп, Парламент бизнесті жаңа салықтық реттеу жағдайларына көшу үдерісінде қолдау үшін кәсіпкерлермен ашық диалогты жалғастыра беретінін айтты.