«Орталық Азияға арналған қылмыстық сот төрелігі жөніндегі IX форумы»
Марат Қожаев Орталық Азияға арналған IX қылмыстық сот төрелігі форумына қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Марат Қожаев Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты мен Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының ұйымдастыруымен өткен Орталық Азияға арналған IX Қылмыстық сот төрелігі форумына қатысты. Форум қылмыстық сот төрелігі саласындағы соңғы реформаларды, негізгі үрдістер мен инновациялық бастамаларды талқылауға арналған маңызды халықаралық алаң болып табылады. Орталық Азия елдері мен Моңғолияның сот және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сарапшылары шара барысында құқық қорғау, сот жүйесі және мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін қарады.
Сенатор Қожаев өз сөзінде қылмыстық сот төрелігі саласында әлемдік тәжірибені игеру және ұлттық заңнаманы жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Ол сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан халықаралық стандарттарды белсенді енгізіп жатқанын жеткізді. Бұл сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында көрсетілген стратегиялық бағытпен сәйкес келеді.
Форум аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту және сындарлы диалог орнату жолындағы маңызды қадам болды. Тәжірибе және идея алмасу құқықтық жүйелерді одан әрі жақсартуға ықпал етеді және Орталық Азиядағы қылмыстық сот төрелігі жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.
(Сенаттың Баспасөз қызметі https://senate.parlam.kz/kk-KZ/news/details/12246)