Депутаттық сауал Су ресурстарын үнемді пайдалану және қорғау туралы
Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!
Депутаттық сауалымызға, әлемді алаңдатып отырған, соңғы жылдары елімізде де қалыптасып кележатқан, күрделі экологиялық мәселе – ғаламдық су тапшылығының проблемасы арқау болып отыр.
Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында – «Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан, кез-келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет» - деп атап көрсетті.
Су – тіршілік көзі. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда 2040 жылы су тапшылығы 50% жетуі мүмкін.
Ғалымдардың жүргізген ғылыми болжамдары 2030 жылға қарай ел экономикасы 10 м³/км-ден астам су ресурстарын ала алмайтындығын көрсетіп отыр. Бұл, ең алдымен климаттық өзгерістерге және көрші елдердің экономикаларының дамуына орай, трансшекаралық өзендерде су тұтыну көлемінің ұлғаюына байланысты.
«Қазгидрометтің» бағалауы бойынша, өткен жылы Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тау көлдерінде жасалған көп жылдық бақылаулар бойынша қар жамылғысы 40% – дан 82% - ға дейін, Алматы облысында 25% - дан 56% - ға дейін төмендеді. Қызылорда облысында, Сырдария өзенінің су көлемі 15% - ға азайды. Жамбыл облысы мен Түркістан облысының диқандары су алып отырған Қырғызстандағы Киров су қоймасында су көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 113 млн м³, ал Тоқтоғұл су қоймасында – 3 млрд м³ аз жиналды, Қазақстандағы Қапшағай су қоймасында су деңгейі 1,4 млрд м³, Бартоғайда – 300 млн м³ төмендеді. Су деңгейінің төмендеу үрдісі соңғы үш жыл бойы сақталып келеді.
Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тарапынан, су тапшылығын азайту мақсатында кешенді іс шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, соңғы 10 жыл ішінде егіндік алқапты суару кезінде су үнемдеу технологияларын енгізу айтарлықтай өсті. Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқаптар нөлден 49,7 мың га-ға дейін, ал жаңбырлатып суару алқаптары 2019 жылы 20 мың га-дан 160,7 мың га-ға дейін жетті.
Алдымыздағы жылдары, Қазақстанның барлық өңірлерінде 28 үлкенді-кішілі су қоймаларының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Бұл шаралар өз кезегінде белгілі бір дәрежеде оң нәтижесін береді деп ойлаймыз.
Десекте, еліміздің егістік алқаптарын, вегетация кезеңде есепті ағын сумен қамтамасыз етудегі бірқатар дәйекті мәселелер, сала мамандары мен ғалымдарды және ауылшаруашылығы тауарөндірушілерін алаңдатады.
Осы ретте, бүгінгі күні, жаңартылатын жер асты суларының қорлары – Қазақстан Республикасының суармалы егіншілікті дамытудың негізгі көздерінің бірі болып табылып отыр. Бұл еліміздің суармалы алқаптарының көлемін артыруда үлкен маңызға ие.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 8 сәуірдегі №200 қаулысымен бекітілген Су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың Бас схемасына сәйкес суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етілуін арттыру, болашақта, жер үсті су көздерінің бір бөлігін жер асты сулары болып табылатын неғұрлым сенімді көздерге ауыстыруға негізделген.
Қазақстан Республикасының Жер асты сулары картасымен, Қазақстанның Оңтүстігі, сондай-ақ Солтүстік және Шығыс аймақтары бойынша жаңғыртылатын жер асты ресурстары орналасқандығы айқындалған, олардан ішінәра су алынуы су қоры көлемінің азаюына әкеп соқпайды, өйткені осы жер асты су көздерінің су балансының кіріс бөлігі шығыс бөлігінен едәуір көп.
Осы орайда, еліміздің жер асты суларын пайдаланудың тиімділігін республикамыздың бір облысында мысал ретінде қарастырсақ, Жамбыл облысы жер асты суларының қорының көлемі бойынша республикада 3-ші орын алады. Жалпы жер асты суының көлемі 1 млрд 715 млн м³ құрайды, оның ішінде тәулігіне қайта қалпына келетін 4 млн 464 мың м³ құрайтын су қоры анықталған. Жер асты сулары тұщы, жалпы тұздылығы 0,15-0,35 г/л, яғни суармалы су ретінде пайдалануға толығымен болады.
Тәулігіне қайта қалпына келетін 4 млн 464 мың м³ судың, вегетациялық кезеңнің 120 тәулік жиынты көлемі 535,6 млн м³ суды құрайды, ол 50 мың гектардан астам егістік алқаптарды суаруға мүмкіндік береді.
Құрметті Асқар Узақбайұлы!
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі болжамдалған су ресурстары тапшылығын азайту және ауылшаруашылығы субъектілерін жер асты су қорыларын пайдалануға ынталандыру мақсатында:
1. Егіншілігінде су үнемдеу технологияларын енгізудің қарқынды дамуына тежеу болып отырған жер асты суларының қорларын зерттеу, қайта бағалау жұмыстарын жандандыруға және сонымен айналасатын тіисті органдарға республикалық бюджеттен мақсатты қаражат көздерін қарастыруды;
2. Жер асты суларын кең көлемде пайдалану мақсатында қолданыстағы инвестициялық субсидиялау бағдарламасына өзгерістер енгізе отырып, су ұңғымаларын қазуға бөлінетін субсидиялар көлемін көбейтуді, инвестициялық шығынды қайтару деңгейін 1,5 есе арттыруды;
3. Трансшекаралық өзендерден су пайдаланудың мемлекет аралық талаптарын ескере отырып, Қазақстанның Жамбыл, Түркістан облыстарын ағын сумен қамтамасыз етіп отырған Шу және Талас өзендерінің бойынан Қырғыз Республикасының «Бурулдай» су қоймасы мен «Бала-Саруу» ГЭС-ін салу жоспарларына байланысты тиісті шаралар қарастырып, келіссөздер жүргізуді ұсынамыз.
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
| Құрметпен, | Ә. НҰРАЛИЕВ |
| А. КҮРІШБАЕВ | |
| О. БУЛАВКИНА | |
| С. ДҮЙСЕМБИНОВ | |
| Д. МУСИН | |
| С. ТРУМОВ | |
| Қ. ҚОЖАМЖАРОВ | |
| Б. ОРЫНБЕКОВ |