Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения
Қазақстан Республикасы
Парламентінің Сенаты

Новости

Негізгі қағида: Ластаушы төлейді және түзейді

04.02.2022 0

Негізгі қағида: Ластаушы төлейді және түзейді

 

Бүгінгі таңда антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде, ластағыш заттардың шектен тыс мөлшерінің атмосфералық ауаға тарауы, қоршаған ортаның зиянды заттар мен техногенді қалдықтармен ластануы қоғамның назарын аударып отырған басты мәселелердің бірі.

Мемлекетіміздің алдында тұрған бас­ты міндет – кең байтақ жеріміздің табиғи байлығын сақтап, экологиялық залалдың алдын алу және оған жол бермеуге, сондай-ақ қоршаған ортаға антропогендік әсерді қысқартуға бағытталған мемле­кеттік рет­теу­ді жүзеге асыру арқылы адам­ның өмірі мен денсаулығына қо­лайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету. Осы ретте, 2021 жылы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы жаңа Экологиялық кодекске қол қойып, күшіне енді.

Жаңа Экологиялық кодекс жобасы мүдделі министрліктер, ведомстволар, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Мәжіліс депутаттарының егжей-тегжей талқылауынан өткізілді. Талқылауға сарапшылар, табиғатты қорғау белсенділері, табиғи ресурстарды пайдаланушылар мен кәсіпорындар қауымдастықтарының, сондай-ақ үкі­меттік емес ұйымдардың өкілдері қа­тысты.

Нәтижесінде, Экологиялық кодекс пен экологиялық мәселелер бойынша ілеспе заң жобалары 2020 жылдың 18 қара­шасында Мәжілісте мақұлданып, Сенат қарауына жіберілді. Комитет мүшесі ретінде заң жобаларын жүргізу маған жүктелді.

2020 жылдың 21 желтоқсанында Пар­ламент Сенатының жалпы отырысы­ның екінші оқылымында бірқатар өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізіліп, заң жобасы бірауыздан қабылданды. Осы ретте, Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баевтің төр­ағалығымен өткен Палата отырысын­да: «Экологиялық кодекстің жаңа редак­цияның жобасына, ең алдымен, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, «ластаушы төлейді және түзейді» қағидасы енгізілді. «Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына енгізілген түзетулер экологиялық заңнаманы бұзғаны және ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік күшей­тіліп қатаңдатылды және айыппұл көлемі көбейтіледі» деп Сенат Төрағасы атап өтті.

Экологиялық кодекс ең үздік қолже­тімді технологияларды енгізуді, түзілетін қалдықтардың көлемін қысқартуды және қауіптілік деңгейін азайтуды, жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалануды, суды үнемдеуді, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды орнықты пайдалану, қалпына келтіру және толықтыру сияқты шараларды жүзеге асыруды көтермелейді және ынталандырады.

Кодекстің негізгі жаңалықтары төмен­дегідей: Біріншіден, «Ластаушы тө­лей­ді және түзетеді» экологиялық қағи­да­тын іске асыруды, ластанудың алдын алу және бақылау жөніндегі шаралар­ды жү­зе­ге асыруды және қоршаған орта­ға кел­ті­рілген залалды қалпына кел­тіру­­ді мін­деттейді. Екіншіден, ең озық қолже­тімді технологияларды енгізу (ОҚТ) шар­­­ты­мен бірінші санаттағы объектілер үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға (КЭР) көшу көзделген. Сондай-ақ жаңа­дан іске қосылатын кәсіпорындар үшін КЭР алу міндеттілігі ұсынылады. Үшін­ші – Кодексте «бірінші санаттағы» ірі кәсіпорындарға қатысты, қоршаған орта­ға әсерін бағалаудың (ҚОӘБ) жаңа тәсілдеріне өту туралы талаптар көздел­ген. Онда, жұртшылық ҚОӘБ-тың бар­лық 4 кезеңіне қатысады. 1-санаттағы объектілер міндетті түрде ҚОӘБ-қа жатады; 2-санаттағы объектілер скрининг арқылы өтеді; 3-са­нат­тағы объектілерді есепке алу мақ­са­­­тында жергілікті атқару­шы органдар шы­­­­ға­рындылардың, төгін­ділердің санын жинақталатын және берілетін қал­дықтардың көлемін көрсете отырып, декларациялар қабылдайды; 4-санаттағы объектілер реттеуден толық босатылған. Төртінші – қоршаған ортаға эмиссия үшін төлем және табиғатты қорғау іс-шараларына бюджет қаражатының мақ­сатты жұмсалуы. Бұрынғы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына эмиссия үшін түскен төлемдерді мақсатты жұмсау міндеттілігі болмаған. Бұл, жергілікті атқарушы органдардың, келіп түсетін қаражаттың 45%-ын ғана қоршаған ортаны қорғау шараларына бағыттауына алып келген. Осыған байланысты Кодекстің жаңа редакциясында жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау іс-шараларын түсетін экологиялық төлемдер есебінен 100% көлемінде қаржыландыруға міндетті екендігі көзделген. Бесінші – өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру. Бұл ретте қалдықтармен кезең-кезеңмен жұмыс істеуге бағытталған қалдықтар иерархиясы көзделеді және ең алдымен, қалдықтардың пайда болуын азайту, пайда болған қалдықтарды қайта пайдалану, қайта өңдеу, жою және тек полигондарда көму міндеттері белгіленеді. Сондай-ақ қоғамда қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жинаудың, қайта өңдеудің және қалдықтарды бөлек жинаудың ұтымды жүйесін жүзеге асыруды жоспарлайды.

Осы тұрғыда елімізде экологиялық заңнаманы дамытуда үлкен оң өзгерістер болды. Өнеркәсіп өкілдері тарапынан бір­қатар заң нормасына сыни көзқарас­тар болғанымен, жалпы, эколог мамандар мен сарапшылардың жаңа Кодекске байланысты оң пікір-қолдаулары жан-жақты айтылып та, жазылып та жүр.

Алдағы уақытта мемлекеттің, қо­ғам-
­­ның алдында тұрған міндет – қа­был­­данған жаңа Кодекс аясында, мем­лекет­тік реттеуді жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтасыз ету.

Осы орайда елімізде «Жасыл Қазақ­стан» ұлттық жобасы бекітілді, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді ше­шу жөніндегі «Жол карталары» бо­йын­ша жұмыстар жүргізілуде. Атқарылар жұмыстар көлемі өте ауқымды және едәуір уақытты талап етеді. Іс-шараларды жү­зеге асыру нәтижесі – адам өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз етуге тиіс.

Десек те, еліміздегі ағымдағы эколо­гиялық ахуал республика тұрғындарын алаңдатады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы атмосфералық ауа сапасы монито­рингінің нәтижесі мегаполистар мен ірі қалаларда ластанудың өте жоғары деңгейі орын алып отырғанын көрсетті. Атап айтсақ, Теміртау, Нұр-Сұл­тан, Ал­ма­ты, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қара­ған­ды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қала­ларының ластану деңгейі өте жоғары.

Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Қазіргі уақытта еліміздегі үш мыңнан астам полигонда 125 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған. Полигондардың 82%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сай келмейді.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі шеңберінде елімізде заңсыз қоқыс орын­дарының көбеюі анықталған және оларды жою мәселесі бүгін толыққанды жүзеге асырылмай отыр.

Сонымен қатар, Париж келісімін 2016 жы­лы ратификациялаған ел ретін­де, Қазақстан 2030 жылғы инновациялық шешімдер арқылы парник газдардың шығарындыларын 15%-ға қысқартуға мін­деттелген-ді. Өкі­ніш­­ке қа­рай, Эко­ло­гия, геология және табиғи ресурс­тар ми­ни­с­трлігі 2020-2024 жылдарға ар­нал­­ған стратегиялық жоспары бойынша, секторларда парник газдардың шы­ға­рындылары өсу салдарынан нысаналы индикаторларға қол жеткізу орындалмаған.

Осы ретте еліміздің экологиялық мә­се­лелерін кешенді шешу жөніндегі «Жол қарталары» бойынша жұмыстардың жүргізілуі пысықталып, нақтылану қажет­тілігі байқалады. Іс-шараларды жүзеге асырудың оң нәтижесі, адам өмірі мен ден­сау­лығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету өте маңызды деп санаймыз.

Сондай-ақ 2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар жөніндегі саммит барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізу жөніндегі биік міндет туралы мәлімдеді. Қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтарап дамудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен (стратегиясымен) жұмыс істеуде. Парник газдардың шығарындыларын қысқартудың нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін энергетикалық көшу мен энергетикалық секторды трансформациялау шешуші рөл атқарады. Мұндай көшуді ынталандыруға бағытталған түйінді құ­рал­дардың бірі – ел ішіндегі фискалдық сая­сатты реформалау және дәстүрлі энер­гетиканы субсидиялаудан бас тарту. Сондықтан бұл жөніндегі мәселелер жауапты уәкілетті және атқарушы билік органдар тарапынан зерттеліп, зерделеніп тиісті пәрменді шаралар жүзеге асырылуға тиіс.

 

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,

сенатор

Бөлісу