Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының профессорлық-оқытушылық ұжымы және студенттермен онлайн форматта кездесті.
Сенат депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының профессорлық-оқытушылық ұжымы және студенттермен онлайн форматта кездесті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылымы, оның қызметі мен заң шығару үдерісі туралы ақпарат берілді.
Сенатор Парламенттің қос палатадан тұратынын, оның ішінде Сенаттың атқаратын қызметі мен негізгі міндеттері туралы баяндады. Ол заң жобалары қандай кезеңдерден өтетінін, оларды талқылау және қабылдау тәртібін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, заң шығару үдерісінде қоғам өкілдері мен сарапшылардың ұсыныстары қалай ескерілетіні туралы айтты.
«Сенат заңдарды мақұлдауға немесе мақұлдамауға, сондай-ақ өзгертулер енгізуге, мемлекеттік бюджетті және оның орындалуын бақылауға және негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидатураларды бекітуге құқылы. Оның құзыретіне Ұлттық Банк Төрағасын, Бас прокурорды, Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьяларын тағайындауды келісу, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау кіреді. Конституцияға бұрын енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді нақты ажыратуға және азаматтардың құқықтарын кеңейтуге бағытталған», - деп атап өтті депутат.Кездесу барысында конституциялық реформаларға да назар аударылды. Сенатор елімізде жүргізілген реформалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың негізгі бағыттарына тоқталды. Ол Конституцияға енгізілген өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді нақтылауға және азаматтардың құқықтарын кеңейтуге бағытталғанын түсіндірді.
Сонымен қатар, сенатор Парламенттің қоғамдағы рөліне тоқталды. Ол Парламент тек заң шығарушы орган ғана емес, сонымен қатар елдегі маңызды мәселелерді талқылап, азаматтардың мүддесін білдіретін алаң екенін атап өтті. Парламент депутаттары халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, олардың ұсыныстарын заңнамалық деңгейде қарастыратынын айтты. Заң жобаларын әзірлеу кезінде қоғамның пікірін ескеру, қоғамдық тыңдаулар өткізу және сарапшылармен кеңесу – Парламент жұмысының маңызды бөлігі екені түсіндірілді.
Халықаралық қызметке де ерекше назар аударылды. Сенатор Қазақстан Парламентінің шетелдік әріптестерімен ынтымақтастықты дамытуға белсенді қатысатынын атап өтті. Ол халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара іс-қимыл, шет мемлекеттермен екіжақты және көпжақты байланыстар орнату, сондай-ақ парламентаралық дипломатияның ел имиджін нығайтудағы маңызын түсіндірді. Қазақстан Парламентінің халықаралық келісімдерді ратификациялау, шетелдік әріптестермен заңнамалық тәжірибе алмасу және жаһандық мәселелерді талқылаудағы рөлін атап өтті.
Жастар саясаты да қозғалды. Мемлекет тарапынан жастарды қолдау шаралары заңнамалық тұрғыдан қамтылғаны айтылды. Білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндалып, бұл қолдау шараларының заңнамалық негізде бекітілгенін және олардың іске асырылуын бақылау тетіктері қарастырылғанын атап өтілді.
Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап алды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнамалық бастамалар, медициналық қызмет көрсету жүйесі және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.