Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтына сенатордың сапары
Жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н. Бекназаров Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалары институтына барды.
Кездесу барысында сенатор мекеме қызметкерлеріне Мемлекет басшысының тапсырмалары, елде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы егжей-тегжейлі айтып, Сенаттың заң шығару қызметінің негізгі бағыттары мен қабылданған заңнамалық бастамаларды түсіндірді.
Сот сарапшыларының мәртебесін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту және мамандықтың тартымдылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сенатор Қазақстан Республикасы Үкіметіне сот сарапшыларының еңбек жағдайын жақсарту, сот-сараптамалық мекемелердің тиімді қызметін қамтамасыз ету, сондай-ақ сала мамандарына қосымша әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жөнінде депутаттық сауал жолданғанын хабарлады.
Депутат институттың жұмысымен танысып, мекеме басшылығы және қызметкерлермен еңбек жағдайларын, материалдық-техникалық жабдықталуын және мекеменің даму перспективаларын талқылады. Институт қызметкерлері кадр саясатына, жалақы деңгейіне, инфрақұрылымды жаңарту қажеттігіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
«Сот сарапшысы мамандығы әділ сот төрелігін қамтамасыз ету жүйесінде ерекше орын алады. Дәл осы сарапшылардың біліктілігі, объективтілігі мен тәуелсіздігі негізінде негізделген әрі әділ сот шешімдері қабылданады. Бүгінде бұл салада кадрлық әлеуетті нығайту, мамандықтың тартымдылығын арттыру, сондай-ақ заманауи технологиялар мен сараптама стандарттарын енгізу бойынша маңызды міндеттер тұр.
Біз, Сенат өкілдері ретінде, сот-сараптамалық қызмет саласындағы өзекті мәселелерді кешенді түрде шешудің қажеттілігін көріп отырмыз. Сарапшылардың еңбек жағдайы мен жалақы деңгейін жақсартумен қатар, олардың кәсіби өсуіне, біліктілігін арттыруына және әлеуметтік қолдау көрсетуге мүмкіндік жасау маңызды.
Тек бірлескен күш-жігеріміз арқылы ғана сот сараптамасы институтына деген жоғары кәсібилік пен сенімді қамтамасыз ете аламыз, бұл түптеп келгенде елімізде әділеттілік пен заңдылықтың нығаюына қызмет етеді деп сенемін», - деп атап өтті Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.
Кездесу соңында сенатор сот сарапшыларының әділ сот төрелігін қамтамасыз етудегі қызметінің маңыздылығын атап өтіп, осы сала мамандарының еңбек жағдайын жақсарту және заңнамалық базаны жетілдіру бағытындағы жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.