Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат депутаты Н. Бекназаров Шымкент қаласындағы жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжіне барды

10.07.2025 241

Сенат Парламентінің депутаты Н. Бекназаров жұмыс сапары аясында Шымкент қаласындағы жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжіне барды.

Депутат оқу орнының материалдық-техникалық жағдайымен танысып, оқу аудиториялары мен зертханаларын аралап көрді, сондай-ақ колледждің оқытушылар ұжымы және студенттерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Сенаттың қызметі, заң шығару жұмысының негізгі бағыттары, сондай-ақ білім сапасын арттыру және жастар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған соңғы қабылданған заңдар мен заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы кеңінен әңгімеледі. Колледждердің қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті мамандар даярлаудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі өңірдегі жетекші оқу орындарының бірі болып табылады. Колледжде 105 оқытушы қызмет атқарады, 1 083 студент 4 негізгі бағыт бойынша білім алуда. Оқу орны оқу процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейін және заманауи білім беру технологияларын енгізуді көрсетуде. Айта кету керек, колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы 100 пайызды құрайды, ал студенттер республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда тұрақты түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, Сенаттың қызметі, заңдардың қабылдану барысы, білім беру саласының даму перспективалары мен түлектерді жұмыспен қамту мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Депутат барлық сұрақтарға жауап беріп, заң шығару үдерісінің тетіктерін түсіндірді, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жастарға ашылып отырған жаңа мүмкіндіктер туралы ақпаратпен бөлісті.

«Кәсіби кадрларды даярлау – Қазақстанның тұрақты дамуы үшін аса маңызды міндет. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі секілді колледждер түрлі салада сұранысқа ие бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Сенат жастарды қолдау мен кәсіби білім беру жүйесін дамытуға арналған заңнамалық базаны жетілдіруді жалғастырады», – деп атап өтті Н. Бекназаров.

Іс-шара соңында сенатор студенттерге оқуда табыс тілеп, колледж түлектері өз ісінің кәсіби мамандары болып, таңдап алған мамандықтары бойынша ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Бөлісу