Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатор Н. Бекназаров Шымкент қаласының халқымен кездесуі

10.07.2025 248

Жұмыс сапары аясында Парламент Сенатының депутаты Н. Бекназаров Шымкент қаласы Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Сенатор азаматтарға Сенаттың заң шығару қызметі туралы жан-жақты ақпарат беріп, соңғы заңнамалық өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндірді, сондай-ақ биыл жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесу барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және әділ сот жүйесін жетілдіруге бағытталған қабылданған түзетулерге ерекше назар аударылды. Талқыланған негізгі мәселелер қатарында мемлекеттік тұрғын үй саясаты, тұрғын үй құрылысы мен үлестік қатынастар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл шаралары және қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері болды.

Сенатор Шымкент қаласының тұрғындарымен ашық диалог орнатуға айрықша көңіл бөлді. Кездесуге жастар, ардагерлер, кәсіпкерлер, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері секілді түрлі әлеуметтік топтардың өкілдері қатысты. Әрбір қатысушы өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіруге және өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік алды.

        Тұрғындар тарапынан қалалық инфрақұрылымды дамыту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелері кеңінен қозғалды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, білім мен денсаулық сақтау қолжетімділігін арттыру сияқты маңызды тақырыптар талқыланды.

Сенатор барлық өтініштерді мұқият тыңдап, ең өзекті мәселелерді белгіледі және оларды тиісті мемлекеттік органдар мен Сенаттың салалық комитеттеріне қарауға жіберетінін айтты. Заң шығарушы билік өкілі халықпен тұрақты байланыс орнатудың жергілікті жағдайды объективті бағалауға және заң шығару үдерісінде тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар сенаторға ашықтықтары мен сындарлы диалогқа дайындығы үшін алғыс білдіріп, мұндай іс-шаралардың мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру және өзекті мәселелерді бірлесе шешу жолында маңызы зор екенін атап өтті.

«Өңірлердің ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуы жергілікті тұрғындармен тығыз әрі тұрақты байланыссыз мүмкін емес. Халықпен ашық диалог бізге өзекті мәселелерді анықтап қана қоймай, оларға уақтылы әрекет етуге, шынайы қажеттіліктерге негізделген тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Аймақтарға жасалатын жұмыс сапарлары жағдаймен жеке танысып, азаматтардың, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың пікірін тыңдауға жол ашады. Бұл бізге әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген заңнамалық саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

       Біздің басты назарымыз -халықтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, заманауи инфрақұрылым құру, сапалы білім мен қолжетімді әрі тиімді медициналық қызметті қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек пен кәсіпкерлік белсенділікті дамыту. Тек осындай кешенді тәсіл ғана халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтады деп сенеміз», -деп атап өтті Н. Бекназаров.

Бөлісу