Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатор Шымкент қаласындағы Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы барысымен танысты

11.07.2025 258

Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында Сенат депутаты Н. Бекназаров Момынов және Тіленшин көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысының жүзеге асырылуымен танысты.

Сапар барысында жауапты мемлекеттік органдар мен құрылыс жұмыстарын атқаратын мердігер ұйым өкілдерінің есептері тыңдалды. Ерекше назар бөлінген мәселелер – белгіленген құрылыс мерзімдердің сақталуы, жұмыстардың сапасы және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі.

2024 жылы республикалық бюджетті 2025 жылға қалыптастыру барысында аталған нысандарды салуға қажетті қаржылық ресурстар қарастырылған болатын. Бұл шешім тұрғындардың көптеген өтініштеріне жауап ретінде және өңірдегі ең өзекті көлік мәселелерінің бірін шешу мақсатында қабылданды. Қазақстан Республикасы Сенаты өңірлердегі өзекті мәселелерге үнемі назар аударып, халық үшін маңызды міндеттерді шешуге қаражат бөлуді қамтамасыз етеді.

Соңғы жылдары қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі «Алматы-Шымкент-Қызылорда» теміржолының үстімен өтетін Момынов және Тіленшин көшелеріндегі көлік қозғалысының қарқындылығы екі есе артты. Момынов көшесімен күн сайын 30–40 мыңға дейін жеңіл көлік пен 3 мыңға жуық жүк көлігі жүріп өтеді. Бұл көше жеті тығыз қоныстанған елді мекен мен Касқасу туристік аймағын байланыстырады. Тіленшин көшесі арқылы тәулігіне 20–30 мыңға жуық жеңіл және 2 мыңға жуық жүк көлігі өтіп, 50 мыңнан астам тұрғыны бар Сайрам тұрғын алабы мен оған жақын орналасқан елді мекендерге көлік қатынасын қамтамасыз етеді.

Алайда, теміржол көлігінің өтуіне байланысты жолдың жиі жабылуы ұзаққа созылатын көлік кептелістеріне әкеп соқтырып, халықтың наразылығын тудыруда. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.

«Аталған инфрақұрылымдық жобаның жүзеге асырылуы Шымкент қаласының көлік жүйесін жақсартуға, көлік кептелістерін азайтуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бұл - тұрғындардың өмір сапасына және өңірдің туристік әрі экономикалық әлеуетінің дамуына тікелей әсер етеді. Біз осындай инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын әрі қарай да бақылауда ұстап, қала тұрғындарын толғандыратын мәселелерге ерекше назар аударамыз», - деп атап өтті Н. Бекназаров.

Бөлісу