Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенат депутаттары Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық конституциялық форумға қатысты

12.09.2025 270

Парламент Сенаты Төрағасының Орынбасары Жақып Асанов, сондай-ақ Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен комитет мүшесі Наурызбай Байқадамов Конституцияның 30 жылдығына арналған «Құқық арқылы бейбітшілік пен болашаққа» атты халықаралық форумға қатысты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының ұйымдастыруымен өткізілді.

Форум жұмысына заң үстемдігін қамтамасыз етуге және орнықты дамуға, бейбітшілікті нығайтуға бейжай қарамайтын халықаралық ұйымдардың өкілдері, заң ғылымының көрнекті ғалымдары мен сарапшылар, сондай-ақ саясаткерлер қатысты. Жиын барысында құқық үстемдігін қамтамасыз ету, бейбітшілік пен орнықты даму, адам құқықтарын қорғау және заманауи сын-қатерлерге құқықтық тұрғыдан жауап беру мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасының Орынбасары өз сөзінде Конституцияның әрбір бабы - жай ғана норма емес, адамдардың өмірін жақсартуға қабілетті тірі күш екенін атап өтті. Оның айтуынша, заңгерлер мен мемлекет қайраткерлерінің міндеті - осы күшті ашып, дұрыс бағыттай білу.

Ол конституциялық нормалардың нақты реформаларға қалай айналғанына бірнеше мысал келтірді. Атап айтқанда, 2017 жылғы реформа нәтижесінде қайта тұжырымдалған 83-бап прокуратура қадағалауының айқын шектерін және қылмыстық қудалау бойынша айрықша өкілеттікті бекітті. Бұл қадам цифрландыруға жол ашып, «Е-Қылмыстық іс» жүйесін енгізуге мүмкіндік берді. Соның арқасында тергеушілердің жеке жауапкершілігі артты, процестер ашық жүргізіле бастады және қылмыстық істердің саны үш есеге - 500 мыңнан 170 мыңға дейін қысқарды.

Сот жүйесіне қатысты Ж. Асанов 76, 77 және 80-баптардың соңғы жылдары жүзеге асқан реформалардың арқасында шынайы мәнге ие болғанын атап өтті. Атап айтқанда, соттардың тәуелсіздігі, қаржылық дербестігі күшейіп, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілді. Азаматтардың мемлекеттік органдармен даулардағы азаматтардың пайдасына шешілу үлесі 15 пайыздан 60 пайыздан астамға өсті, ал татуластыру рәсімдерін енгізу нәтижесінде істердің саны 2,5 есеге азайды.

«Барлық осы мысалдар Конституцияның құқықты жаңғыртудың басты қайнар көзі болып қала беретінін көрсетеді. Оның әлеуеті сот және прокуратура реформалары, сондай-ақ парламенттік заңнамалық бастамалар арқылы ашылып келеді», – деді Ж. Асанов.

Ол сондай-ақ құқық пен тәртіпті мемлекеттіліктің мызғымас тірегі ретінде айқындаған Президенттің саяси бағытын атап өтіп, форум аясында айтылған пікірталастар мен ұсыныстар ұлттық заңнаманы жетілдіруге, адам құқықтарын қорғау тетіктерін нығайтуға және бейбітшілікті ілгерілетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Форум аясында конституциялық бақылаудың тәжірибесі, цифрлық дәуірдегі құқықтық жүйені дамыту, жасанды интеллектті құқық саласына енгізу, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастық тақырыптары кеңінен талқыланды. Қатысушылардың пікірлері мен сараптамалық ұсыныстары құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, әділеттілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған ортақ бастамаларды қалыптастыруға негіз болады.

Форум қорытындысы бойынша қабылданған ұсынымдар құқық саласындағы халықаралық әріптестікті дамытуға, бейбітшілік пен заңдылықты ілгерілетуге ықпал ететіні атап өтілді.

Бөлісу