Сенат Төрағасының Мажарстан Президентімен кездесуі
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті. Кездесуге сондай-ақ депутат Нұрлан Бекназаров қатысты.
Кездесу барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, екі ел арасындағы парламенттік өзара іс-қимылды дамыту перспективаларын қарастырды.
Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мажарстан арасында қалыптасқан сенімді қатынастар мен сындарлы диалогтың жоғары деңгейін атап өтіп, тәуелсіздік жылдары ішінде екі ел арасында берік экономикалық серіктестік орнап, мәдени-гуманитарлық байланыстардың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
Тараптар заң шығару саласындағы тәжірибе алмасу, достық топтарының қызметі және Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Парламентаралық одақ пен Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы секілді халықаралық парламенттік алаңдар аясындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейту, білім беру, технологиялар және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, көлік және энергетика салаларында бірлескен жобаларды іске асыруда Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қорының маңызды рөлі атап өтілді.
Өз кезегінде Тамаш Шуйок сындарлы диалог үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ортақ ұмтылысты атап өтті.