Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенатта Қазақстан мен Германия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері талқыланды

28.10.2025 276

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров Германия Бундестагының депутаттарымен кездесу өткізді. Кездесуге сондай-ақ, Сенат депутаттары Евгений Больгерт, Жанна Асанова, Қайрат Тастекеев және Мұрат Қадырбек қатысты.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы саяси байланыстарды кеңейту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық серіктестікті дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыру мен заң шығару тәжірибесімен алмасу бағыттарына ерекше назар аударылды.

Нұрлан Бекназаров Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастар өзара сенімге, қолдауға және ортақ демократиялық қағидаттарға негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, парламенттік дипломатия халықтар арасындағы түсіністікті тереңдетіп, ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады.

«Еуропа Кеңесі мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялары аясында да көпжақты парламентаралық байланыстар қарқынды дамып келеді. Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар мен адам құқықтарын қорғау саласындағы бастамаларды, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарды, әйелдерді және халықтың әлеуметтік осал санаттарын  қолдауға бағытталған шараларды жоғары бағалады», - деді сенатор.

Ол елімізде жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформаларға тоқтала келе, олардың өкілді институттарды күшейтуге, ашықтықты қамтамасыз етуге және демократиялық процестерді ілгерілетуге бағытталғанын атап өтті.

Өз кезегінде Бундестаг депутаттары ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екендерін білдірді. Олар салалық комитеттер арасындағы тікелей байланыстарды дамыту, заңнамалық тәжірибемен алмасу және халықаралық парламенттік алаңдар шеңберінде бірлескен жұмысты жандандыру арқылы әріптестікті тереңдетуге ниетті екендерін айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді парламентаралық диалог екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, саяси және экономикалық өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Бөлісу