Алқабилер институтын дамыту мәселелері талқыланды
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта көшпелі отырыс өткізді.
Іс-шараның тақырыбы - қылмыстық істерді алқабилер қатысуымен қараудың құқық қолдану тәжірибесі.
Отырысты аша отырып, Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров алқабилер институтының азаматтардың сот төрелігіне қатысуын қамтамасыз ететін демократиялық тетіктердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, алқабилер қарайтын істер санатын кеңейту сот жүйесіне деген қоғам сенімін арттырып, әділдіктің сапасын жақсартуға ықпал етеді.
«Алқабилер институты азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Алқабилерді іріктеу тәртібін жетілдіру, олардың тәуелсіздігіне кепілдіктерді күшейту және мотивациясын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасуы тиіс», - деді Нұрлан Бекназаров.
Талқылау барысында қатысушылар алқабилер қатысатын істерді қарау тәжірибесін, қылмыстық сот өндірісінің өзекті мәселелерін және оны жаңғыртудың ықтимал бағыттарын қарастырды. Сондай-ақ сот процестерінің ашықтығын арттыру, тараптар теңдігі мен сот жарыспалылығын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыстың жұмысына Жоғарғы Сот, Сот төрелігі академиясы, Астана қаласының соттары, Парламентаризм институты және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.