Сенаторлар «Құқық үстемдігі жөніндегі форум - 2025: Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі - жаңғырту, заң және құқық қолдану» атты іс-шараға қатысты
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов және Сенаттың конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров «Құқық үстемдігі жөніндегі форум - 2025: Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі - жаңғырту, заң және құқық қолдану» атты іс-шараға қатысты.
Алқалы жиында сөз сөйлеген Сенат Төрағасының Орынбасары Ж. Асанов қылмыстық-атқару жүйесінің көбіне ашық талқылаудың тақырыбына айнала бермейтінін, алайда дәл осы саланың жай-күйі қоғам қауіпсіздігіне, сот төрелігіне деген сенімге және қателік жасаған адамды қоғамға қайта бейімдеу мүмкіндігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Ол адал талдау жүргізу, инфрақұрылымды жаңарту, пробацияны, жұмыспен қамтуды және кадр даярлығын дамыту қажеттігін, сондай-ақ нәтижеден бұрын адамды алдыңғы орынға қоятын көзқарастың маңызын ерекше атады.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде Ж. Асанов сот жүйесінде жұмыс істеген кезеңде іске асырылған практикалық реформалар туралы айтты. Атап айтқанда: түрмедегі адамдарды азайту, пробация және электрондық білезіктерді енгізу, сотталғандарды жұмыспен қамтуды арттыру, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту бойынша қабылданған шаралар. Оның айтуынша, бұл жобалар мемлекеттік органдар ортақ ақпараттық кеңістікте жұмыс істеген жағдайда және мәселелердің салдарынан емес, себептерінен бастай отырып әрекет еткен кезде жүйенің өзгеруге қабілетті екенін дәлелдеді.
«Біздің тәжірибеміз қылмыстық-атқару жүйесі өзгере алатынын дәлелдеді. Адал жұмыс істеп, заман ағымына ілесе отырып, әр құбылыс пен ахуалға атүсті қарамай, адам тағдырын басты орынға шығарсаңыз - бәрі өзгереді. Біз бір кездері түрме тұрғындарын шамамен 40%-ға қысқартып, колонияларды жауып, кәнігі қылмыскерлерді азайтып, ізгілендіру әлсіздік емес, тиімділік екенін көрсете алдық. Сондықтан біз мұны бүгін де жасай аламыз», - деді Ж. Асанов.
Сенатор қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және халықаралық серіктестердің үйлесімді жұмысына байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, нақты деректер мен заманауи тәсілдерге негізделген ашық кәсіби диалог қылмыстық-атқару жүйесінің гуманизмін, тиімділігін және ашықтығын нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.