Сенатор балаларға дәрігерлік көмек көрсетуді ұйымдастыру барысымен танысты
Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Қалалық балалар клиникалық ауруханасының қызметімен танысты.
Жұмыс сапары барысында сенатор балаларға көрсетілетін медициналық көмектің ұйымдастырылу барысын, соңғы жылдары енгізілген медициналық бағыттардың жұмысын және аурухананың мүмкіндіктерін көрді. Қазіргі таңда күрделі медициналық көмектің бірқатар түрлері балаларға жергілікті деңгейде көрсетілуде.
Сонымен қатар аурухананың материалдық-техникалық базасына назар аударылды. Медициналық ұйымның жарақтандырылу деңгейі 94,6 пайызды құрайды. Аурухананы жаңғырту және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді.
Нұрлан Бекназаров балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, Парламент деңгейінде қабылданып жатқан заңнамалық шешімдер медициналық ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуіне құқықтық негіз қалыптастырады. Сенатор Сенатта дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған заңнамалық нормалардың мақұлдануы медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуі үшін маңызды екенін айтты.
Жұмыс сапары барысында сенатор балаларға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту мәселелері Парламенттің заңнамалық және бақылау қызметі аясында одан әрі назарда болатынын атап өтті.