Сенаторлар Шымкент қаласында азаматтарды жеке қабылдау өткізді
Сенаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласында азаматтарды жеке қабылдау өткізді.
Қабылдау барысында қала тұрғындары тарапынан әлеуметтік және құқықтық сипаттағы бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Өтініштердің басым бөлігі азаматтарға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін берілетін жер учаскелеріне, жер дауларына, мүліктік мәселелерге, түрлі құқықтық дауларға, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалмауына қатысты болды.
Азаматтар кәсіпкерлік мақсатта берілетін жер учаскелерін беру және пайдалану тәртібі, жер учаскелерінің шекараларын нақтылау, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдердің заңдылығы, атқарушылық іс жүргізу саласындағы проблемалар жөнінде нақты мысалдар келтірді. Бірқатар өтініштерде сот актілері заңды күшіне енгеніне қарамастан, олардың ұзақ уақыт бойы орындалмай отырғаны атап өтілді.
Сонымен қатар әлеуметтік қолдау көрсету, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне байланысты шағымдар да айтылды. Әрбір көтерілген мәселе бойынша сенаторлар азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқықтық кеңестер берді.
Қабылдау қорытындысы бойынша сенаторлар азаматтардың өтініштерінде көтерілген мәселелерге байланысты жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, кәсіпкерлік үшін берілетін жер учаскелеріне қатысты дауларды заң аясында қарау, сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету, атқарушылық іс жүргізу барысындағы олқылықтарды жою және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Азаматтардың өтініштері сенаторлардың бақылауына алынып, олардың заңнама шеңберінде қаралуы және шешілуі қамтамасыз етілетін болады.