Сенаторлар Шымкент қаласының Полиция департаментінде кездесу өткізді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары аясында Шымкент қаласының Полиция департаментінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ішкі істер органдары қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Алмасбеков 2025 жылдың 11 ай 20 күніндегі жедел-қызметтік қызметтің нәтижелері туралы ақпарат берді.
Берілген мәліметке сәйкес, аса ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру және бұзақылық фактілері бойынша жоғары ашылу деңгейі қамтамасыз етілгені атап өтілді. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың кейбір санаттары бойынша профилактикалық шараларды күшейту қажеттігіне назар аударылды.
Кездесу барысында Сенатор Н. Бекназаров құқық қорғау органдарының қызметіне қатысты қабылданған заңдар туралы ақпарат берді. Ол қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған заңнамалық нормаларға тоқталды.
Сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселелері қозғалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес полиция қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдері қарастырылғаны айтылып, жекелеген салалық қызметтерде аталған төлемдерді тағайындау және қолдану практикасына қатысты бірқатар сұрақтар көтерілді. Бұл мәселені құқық қолдану тәжірибесі тұрғысынан қосымша зерделеу қажеттігі атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша сенаторлар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Көтерілген мәселелер Сенаттың бақылау қызметі аясында назарда болады.