Сенаторлардың Шымкент қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жұмыс сапары
Сенат депутаттары – Нұрлан Бекназаров және Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2025 жылы атқарған жұмысының нәтижелері туралы ақпарат алды.
Кездесу барысында департамент басшылығы 2025 жылы 65 қылмыстық іс тіркелгенін, өндірістегі істердің 77 пайызы аяқталғанын, оның ішінде 60 іс сотқа жолданғанын хабарлады. Аяқталған істер бойынша келтірілген залал көлемі 14,9 млрд теңгені құрап, оның 6,6 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылғаны айтылды.
Сонымен қатар қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстық істердің сотқа жолданғаны, цифрлық кеңістіктегі заңсыз қаржылық схемаларға қарсы жүргізілген жұмыстар жөнінде мәлімет берілді. Мониторинг нәтижесінде мыңнан астам күмәнді интернет-ресурс бұғатталғаны, сондай-ақ бюджеттік және инфрақұрылымдық жобаларды талдау арқылы қала бюджетінің 3 млрд теңгеден астам қаражаты үнемделгені атап өтілді.
Кездесу барысында сенаторлар экономикалық қауіпсіздік пен қаржылық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданған заңнамалық нормалардың практикалық іске асырылу барысына назар аударды.
Нұрлан Бекназаров осы бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қабылданған заңдардың орындалуы мен құқық қолдану тәжірибесіне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қабылданған заңдар нақты нәтижеге бағытталып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға қызмет етуі тиіс.
Айгүл Қапбарова азаматтардың қаржылық қауіпсіздігіне әсер ететін интернет-алаяқтық тәуекелдерін төмендету бағытындағы түсіндіру және алдын алу шараларын жалғастыру қажеттігін айтты.
Кездесу қорытындысында сенаторлар көтерілген мәселелерді алдағы жұмыс барысында назарда ұстайтынын жеткізді.