Жаңа Конституция жобасының негізгі мәні мен бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласында мәслихат депутаттарымен, жұртшылықпен, этномәдени бірлестіктердің мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті.
Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров пен бірқатар Сенат депутаттары қатысты.
Нұрлан Бекназаров мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп отырған реформалар Конституциялық негіздерді жаңғыртуға, сонымен бірге мемлекеттің институционалдық тұғырын нығайтып, орнықты саяси жүйені кешенді түрде қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Конституциялық Комиссия жұмысы мен Жаңа Конституцияның жобасындағы негізгі ережелерін түсіндіріп, оның маңызды тұстарына тоқталды.
Талқылау барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері алдағы референдум аясындағы бірлескен жұмысқа қатысты ұсыныс-ойларын айтып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Сапар аясында Сенат Төрағасы бастаған палата депутаттары Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техникалық базасымен, оның ішінде БҰҰ кабинетінің және білім ордасындағы музейдің қызметімен танысты.
Сондай-ақ қалалық кітапхана ұжымымен және мегаполистің белсенді жастарымен кездесті. Одан бөлек, сенаторлар Yandex Qazaqstan-ның кеңсесіне барып, еліміздегі цифрландыру үдерістерін одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.