«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – заң жобасы) жобасы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және мәдениет саласын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Заң жобасымен Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы», «Мәдениет туралы» және «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Заң жобасымен енгізілетін негізгі түзетулер мынадай.
1. «Ұлттық архивқоры және архивтертуралы» ҚР Заңында мемлекеттік архивтер өткізетін тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) баға белгілеу құзыреті белгіленген.
Мемлекеттік архивтер өткізетін тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) баға белгілеудің тікелей құзыреті нормативтік құқықтық актілерде белгіленбеген.
2. «Мәдениет туралы» ҚР Заңына кітапхана және баспа ісі, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, шығармашылық одақтарды қолдау және басқа да мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде.
Электронды кітапхана
Қазақстан Республикасының мәдени құндылықтары мен ұлттық мәдени игілігін электрондық форматта сақтау үшін олқылықты жою, сондай-ақ халықтың зияткерлік әлеуетін арттыру және қазақстандық ғылым мен мәдениетті танымал ету үшін жағдайларды кеңейту мақсатында заң жобасында электрондық кітапхана мәселелерін регламенттейтін нормалар көзделген.
Концерттік қызмет.
Заң жобасында орындаушылардың сахнада әдепсіз мінез-құлықтарға жол бермеу бойынша ұйымдастырушы үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу бойынша нормалар көзделген.
Сондай-ақ, музыкалық шығармаларды орындаушыларының фонограммаларды пайдалануы жөнінде көрерменге хабарлау бойынша нормалар енгізілуде.
Көркемдік кеңестер
Заң жобасында өңірлік мәдениет ұйымдарының қызметін үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу негізгі міндеті болып табылатын өңірлік көркемдік кеңестер құру көзделеді.
Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу
Жобада белгілі бір мерзімге автордан әдебиетті басып шығару және ел кітапханаларына тарату мақсатында сатып алу қарастырылған. Бұдан әрі, автор оны ҚР заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген басқа жолдармен басып шығаруға және таратуға құқылы болады.
Мемлекеттік кітапханалар мен музейлердің ақылы қызметтері
Қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда музейлер мен кітапханалар ақылы қызметтен табыс табуға және ақылы қызметтердің түрлері көзделген. Бұл тізім сол кезде мемлекеттік мекемелер ретінде жұмыс істейтін кітапханалар мен музейлерге құқық беру үшін заңға енгізілді.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы музейлердің көпшілігі мемлекеттік кәсіпорындар түрінде жұмыс істейді.
Осыған байланысты заң жобасында осы норманың қолданылуын тек мекемелер нысанында құрылған ұйымдарға ғана тарату ұсынылған. Кәсіпорындар «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның нормаларына бағдарланатын болады.
Мәдениет ұйымдарын иеліктен шығару
Мемлекет жүз пайыз қатысатын мәдениет ұйымдарын жекешелендіруге тыйым салатын түзету енгізілді.
3. «Мемлекеттік мүлік туралы»ҚР Заңына қолданыстағы заңнамамен сәйкестендіру мақсатында түзетулер енгізіледі.
Заң жобасын Парламент Мәжілісінде қарау шеңберінде заң жобасына бағытталған 52 позиция бойынша түзетулер енгізілді:
- мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұғымдарының ара-жігін ажырату, осы іс-шараларда қатысатын көрермендер санына қарай болуына байланысты;
- әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді сатып алу және басып шығару механизмін нақтылау.