Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар мемлекеттік саясаттың басымдықтары туралы Шымкент тұрғындарына айтып берді

17.07.2025 99

енаторлар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы Абай ауданының тұрғындарымен кездесті. Депутаттар өткен парламенттік сессияның негізгі қорытындылары, заңнамадағы кейінгі өзгерістер және мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы хабардар етті.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және сот төрелігі жүйесін жетілдіру жөніндегі түзетулерге ерекше назар аударылды. Мемлекеттік тұрғын үй саясаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес және қылмыстық заңнамаға қатысты мәселелер басты тақырыптың қатарында болды. Мегаполис тұрғындары қалалық инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар құрылысы, коммуналдық қызмет, абаттандыру, бизнесті дамыту, білім беру және денсаулық сақтау туралы сұрақтар қойды.

«Халықпен тұрақты пікірлесу болмайынша өңірлердің орнықты дамуы мүмкін емес. Мұндай кездесулер өзекті мәселелерді анықтауға және адамдардың нақты мұқтажына сай шешімдер табуға көмектеседі. Жұмыс сапарлары жағдаймен жеке танысуға, азаматтардың, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың пікірін тыңдауға мүмкіндік береді. Бұл әділ және жауапты заңнамалық саясаттың негізі. Лайықты өмір сүру, заманауи инфрақұрылым, сапалы білім беру, қолжетімді денсаулық сақтау және кәсіпкерлікті қолдау басты назарда болуы тиіс», - деді Нұрлан Бекназаров.

Депутаттар жеңіл өнеркәсіп және қызмет көрсету колледжінде де болды. Олар оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты, аудиториялар мен зертханаларды көріп, педагогтармен және студенттермен әңгімелесті. Білікті мамандарды даярлау, түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесіне және экономиканың тұрақты дамуындағы колледждердің рөліне ерекше назар аударылды.

«2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттігіне байланысты біз әріптестерімізбен бірлесіп оны жаңғырту жөніндегі заң жобасына бастамашы болдық. Басымдықтардың қатарында оқу процесін цифрландыру, колледждердің дербестігін кеңейту, білім беру бағдарламаларын жаңарту және теорияны өндірістегі практикамен ұштастыра отырып, дуальды оқытуды дамыту көзделген», - деді Айгүл Қапбарова.

Бөлісу