Цвет сайта
Расстояние между буквами
Шрифт
Изображения

Новости

Сенаторлар Шымкентте жастармен бірге мемлекеттік саясат пен білім берудің өзекті мәселелерін талқылады

15.07.2025 101

Парламент Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова және Мұрат Қадырбек Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Сенаторлар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ Палатаның заң шығару қызметі туралы айтып берді. Онда жастар саясатына, қазіргі заманғы білім беру стандарттарын енгізуден бастап бәсекеге қабілетті кадрларды даярлауға дейінгі мәселелерге ерекше назар аударылды.

Парламентшілер оқу процесін ұйымдастырудың жоғары деңгейін атап өтіп, жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.

«Жастармен ашық және мазмұнды диалог, қабылданып жатқан заңдар мен мемлекеттік саясат қағидаттарының мәнін түсіндіру – Сенат жұмысының ажырамас бөлігі деп санаймыз. Студенттердің еліміздің болашақ көшбасшысы ретінде Қазақстанның дамуының негізгі мәселелерін талқылауға қатысуы, өз құқықтарын білуі және қоғамдық өмірге белсенді қатысуы аса маңызды. Сенат алдағы уақытта да жастардың мүддесіне, заңнамалық базаны жетілдіруге және қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті қалыптастыруға ерекше назар аударатын болады», - деді Нұрлан Бекназаров.

Айгүл Қапбарова ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың ашықтығын арттыруға, жас ғалымдарды қолдауды кеңейтуге және грантты және бағдарламалық-нысаналы қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге бағытталған заңнамадағы соңғы өзгерістер туралы айтып берді. Ғылыми ұйымдардың қызметін цифрландыру және жүргізіліп жатқан зерттеулердің шынайылығына жауапкершілікті күшейту туралы ережелер ерекше атап өтілді.

«Бұл түзетулер еліміздің ғылыми саласын нығайтуға, оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Олар жас мамандарды тарту және Қазақстанда ғылыми басым бағыттарды дамыту үшін жағдай жасайды», - деп атап өтті сенатор.

Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова сапар аясында Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамасы институтында болды. Сенаторлар мекеменің қызметімен танысты, қызметкерлердің еңбек жағдайын, кадр саясатын және техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.

«Сот төрелігі жүйесінде сот сарапшысы мамандығы ерекше орын алады. Сот шешімдерінің объективтілігі сарапшылардың біліктілігі мен тәуелсіздігіне байланысты. Мамандардың еңбек жағдайы мен жалақы деңгейін жақсарту ғана емес, сонымен қатар олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау маңызды. Біздің бірлескен күш-жігеріміз сот сараптамасына деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін болады. Ол әділдік пен заңдылықты нығайтуға қызмет етеді», - деді Нұрлан Бекназаров.

Сенаторлар кездесу соңында сот-сараптама саласындағы мамандардың мүддесіне орай заңнаманы жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіріп, кәсіби қоғамдастықпен тікелей диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Бөлісу